Абай облысының ақсақалы республикалық бата жарысында жүлделі орынға ие болды
Шымкент қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында ақсақалдар арасында ІІ Республикалық Бата беру байқауы өтті, - деп хабарлайды 018.kz alashdin.kz сайтына сілтеме жасап.
Осымен республика деңгейінде екінші мәрте өтіп жатқан игі шараның мақсаты – қоғамда ақсақалдардың бата беру дәстүрін жаңғырту, жастарды имандылыққа, кішіпейілділікке, батылдық пен мәрттікке баулу, сөз қадірін арттыру, бата тек тілек айту ғана емес, тәлім мен тәрбие құралы екенін насихаттау.
Сайысқа Абай облысының атынан Мұрат Жармұқаметұлы ақсақал қатысып, Республика бойынша жалпы саны 500-ге жуық батагөй ақсақал қатысқан додадан суырылып шығып, жүлделі 4-орынды иеленді.
Айта кетелік, еліміздің әр өңірінде Бата сайысына іріктеу болып, 20 өңірден топ жарып шыққан қарияларымыз республикалық сайыста өз бақтарын сынады.
Байқауға мүфтият жанындағы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Асылхан Өмірзақұлы, мәдениет қайраткерлері – Бақтияр Әбілұлы, Бекжан Асаубайұлы, белгілі ғалым, аудармашы Зәріпбай Оразбай қазылық етті. Ал, Әділқазылар алқасының төрағасы – ҚМДБ Төраға орынбасары, наиб мүфти Сансызбай Құрбанұлы болды.
Сайысқа қатысқан ақсақалдар бата түрлерінен, белгіленген тақырып аясында берілген уақыт ішінде көркем бата жасаудан сынға түсті. Сондай-ақ, қазақи салт-дәстүрлерге қатысты сауалдарға жауап берді. Әділқазы алқасы бата берушілердің дауыс ырғағына, сөз саптауына, киім кию үлгісіне де баға берді.
Сайыс қорытындысында сөз алған ҚМДБ Төрағасы, Бас Наурызбай қажы Тағанұлы : «Бұл игі шара қоғамда ақсақалдардың бата беру дәстүрін жаңғыртуға, жастарды имандылыққа, кішіпейілділікке, батылдық пен мәрттікке баулуға, сөз қадірін арттыруға, бата тек тілек айту ғана емес, тәлім мен тәрбие құралы екенін насихаттауға үлкен серпін берді деп есептеймін», – деп ізгі тілегін жеткізді.
Қазылар алқасының шешімімен 1-орынды Жардыхан Сезімхан ақсақал (Қостанай облысы), 2-орынды Сағынтай Құралбек (Шымкент), 3-орынды Барат Әлиакбарұлы (Алматы облысы), 4-орынды Мұрат Жармұқаметұлы (Абай облысы), 5-орынды Мүфтиәлі Байдығұлов (Маңғыстау облысы) иеленді. Жеңімпаздарға және байқауға қатысқан барша ақсақалдарға қаржылай сыйлық берілді. Сонымен қатар әділқазы мүшелері де Бас мүфтидің Алғыс хатымен марапатталды.