Қазақстанда 3,2 млн-нан астам бала жазғы демалыспен қамтылады

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, университеттерде оқу жылының аяқталуы және ұлттық бірыңғай тестілеудің өткізілуі туралы ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, балаларды сауықтыру және демалыс орындарында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуы туралы – денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, балалар туризмі және бұқаралық спорт түрлері туралы – туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов баяндады. Сондай-ақ мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтың, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың, ішкі істер министрі Ержан Саденовтің, төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әріновтің баяндамалары тыңдалды.
Елімізде оқушылардың жазғы демалысы үшін 191 қала сыртындағы, сондай-ақ 10 мыңнан астам мектеп жанындағы, шатырлы және киіз үй демалыс орындары жұмыс істейді. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, жазғы сауықтыру шаралары 3,2 млн балаға есептелген. Сонымен қатар 936 мектептен тыс мекемеде 500 мыңнан астам бала қосымша біліммен қамтылады.
Премьер-министр мемлекеттік органдарға жазғы кезеңде балалардың толыққанды демалуы мен сауығуы үшін қажетті жағдайлар жасауды тапсырды.
«Бірде-бір бала назардан тыс қалмауға тиіс. Көп балалы, аз қамтылған және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балаларды қолдауға басымдық берілсін», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Премьер-министр әкімдерге балалар лагерлерінің ашылуын және олардың санитариялық-эпидемиологиялық, өртке, терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін жеке бақылауға алу тапсырды. Денсаулық сақтау министрлігі – жазғы демалыс кезінде балалардың тамақтануын тұрақты санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды қамтамасыз етуі тиіс. Төтенше жағдайлар министрлігінің алдына әкімдіктермен бірлесіп, су айдындары мен бассейндерде құтқару жабдықтарының болуын тексеріп, персоналды суда және өрт кезінде балаларды құтқару дағдыларына оқытуды ұйымдастыру міндетін қойды. Ішкі істер министрлігіне қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету үшін әрбір балалар орталығы мен лагеріне, көпшілік іс-шаралар өтетін орындарға учаскелік полиция инспекторларын бекіту тапсырылды.
Балалардың жол-көлік жарақатының профилактикасы мәселесіне ерекше назар аударылды. Ұйымдастырылмаған жиындарда спортшы-оқушылар мінген көліктердің жиі жол апатына түсу жағдайларына байланысты олардың тиісті келісулер, рұқсаттарсыз және патрульдік полиция бастап жүрмесе, өз елді мекендерінен тыс жерлерге шығуына жол бермеу тапсырылды.
Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау министрліктері мен өңір әкімдіктеріне жазғы демалыс кезінде тиісті қызметтердің үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету тапсырылды. Барлық ұйымдастыру мәселесі 1 маусымға дейін шешімін табуы керек.
Премьер-министр келесі тапсырмаларға жеке тоқталды:
-
өңірлердің әкімдіктері мен Оқу-ағарту министрлігі – Мемлекет басшысының сауықтыру лагерлері мен балалардың инновациялық шығармашылық орталықтарын салу жөніндегі тапсырмасын іске асыруды жеделдетсін. Барлық нысан белгіленген мерзімде пайдалануға берілуге тиіс;
-
Туризм министрлігі – балалар туризмінің географиясын кеңейту үшін әкімдіктермен өңіраралық өзара іс-қимылды жолға қоюы қажет.
«Батыс өңіріндегі балаларға еліміздің шығыс аймақтарын көріп-білу қызықты болмақ. Ал оңтүстік облыстардағы оқушылардың солтүстік аймақтарға және керісінше саяхаттап баруын ұйымдастыру қажет. Балалар еліміздің көрікті жерлері мен бай мәдени мұрасын танып-білуге тиіс», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Мәдениет министрлігіне демалыс кезінде балалардың мұражайларға, театрларға, қорықтар мен ұлттық саябақтарға тегін кіруін қамтамасыз ету тапсырылды.