Сана тазармай қала тазармайды. Облыс әкімі өңірдегі тазалық жұмыстарын жандандыруды тапсырды
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының өңірде жүзеге асырылу барысы бойынша жиын өтті. Отырысқа бейнережимде қатысқан қала және аудан әкімдері, жиынға шақырылған облыстық басқарма басшылары аймақ басшысына тазалық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының мәліметінше, «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында 26 сәуір мен 17 мамыр аралығында облыстың елді мекендерінде аумақтарды тазарту, абаттандыру және көгалдандыру бойынша санитарлық сенбіліктер өткізілді. Тазалық шарасына 106 мыңнан астам тұрғын қатысқан. 51,1 мың аула, 932 саябақ пен сквер, 397 ескерткіштің аумағы тазартылған.
Бұған дейін облыс әкімінің тапсырмасымен Семей қаласы аумағы 21 учаскеге бөлініп, әрқайсысы басқармаларға бекітілген болатын. Облыстық басқармалар аумақтық департаменттермен бірлесіп, шаһар аумағынан 3985 қап қоқыс және 529,59 тонна қоқыс үйінділерін шығарған.
Облыс әкімі мемлекеттік қызметкерлердің қаланың тазалығына ерекше атсалысып жатқанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін айтты.
Қазіргі таңда өңірдің барлық аудандарында сенбіліктер өткізілуде. Облыс әкімі тазалық жұмыстары тек аудан орталықтарымен шектелмеуі керектігін атап өтті.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі алдағы уақытта аудан-қала әкімдерінің қызметі тазалық жұмыстарының нәтижесімен де бағаланатынын жеткізді. Аппарат басшысына тазалық бойынша берілген тапсырмаларды мерзімінде орындамаған аудан, қала әкімдіктерінің жауапты орынбасарларының жауапкершілігін қарау тәжірибесін енгізуді, аппарат инспекторларына аудандарға шығып, бағдарламаның орындалуын тұрақты бақылап, нәтижесін баяндап отыруды тапсырды.