Абай облысының әкімі заңсыз құрылыс нысандарының салынуына жол бермеуді тапсырды
Бүгін облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтті. Жиында облыстағы заңсыз құрылыс нысандары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындылары, 5 айдағы бюджеттің игерілу мәселесі қаралды. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері, ал аудан және қала әкімдері бейнережимде қатысты.
Облыстағы заңсыз құрылыс нысандары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Сайлауғалы Байназаров, Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Әнуар Бейсенов, Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышев баяндады.
Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, камералдық бақылау барысында облыста 34 заңсыз көп қабатты тұрғын үй тіркеліп, оның 12-сі бойынша сот шешімі шыққан. 15-іне тиісті нұсқама берілген. Бұл үйлерден 547 отбасы баспана сатып алған. Облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған ведомствоаралық комиссияның нәтижесінде 310 отбасы заңды мәртебеге ие болып, баспаналарын рәсімдеуге мүмкіндік алды.
Жиында Аягөз, Үржар, Бесқарағай және Мақаншы аудандарындағы сапасыз салынған тұрғын үйлер мәселесі туралы да айтылды. Аймақ басшысы аталған аудандардың әкімдеріне анықталған кемшіліктерді жоюды, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына заңсыз салынған тұрғын үйлерге ғана емес, барлық құрылыс нысандарына талдау жасауды, Семей қаласы әкімінің міндетін атқарушы Бекжан Бапышевқа заңсыз салынған тұрғын үйлердің тұрғындарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, орынбасары Серік Төленбергеновқа жеке бақылауға алуды тапсырды.