Семейде Аңсаған Мұстафаның Абайға арналған көрмесі өтуде
Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналған онкүндік аясында танымал суретші Аңсаған Мұстафаның «Көңілге түрлі ой салар» атты авторлық көрмесі ұйымдастырылды.
Көрменің мақсаты – ұлы ойшылдың терең толғамдарын бүгінгі ұрпаққа көркем тілмен жеткізу. Атаулы экспозицияға автор 1,5 жыл бойы дайындалған.
Көрмеде ақыл, жүрек пен қайрат теңдігі, ар-ождан, еңбек, талап, мақтаншақтық пен рухани кемелдік секілді тақырыптар көркем образ арқылы өрілген. Әрбір туындының жанында Абай шығармаларынан алынған нақыл сөздер мен үзінділер ұсынылған.
Аңсаған Мұстафаның арт-пластика жанрындағы туындылары осы уақытқа дейін әлемнің 30-дан астам елінде өткен 155 көрмеге қатысқан. Олардың қатарында Корея, Түркия, Аргентина, Мексика, Италия, Франция, АҚШ, Жапония, Иран, Польша, Үндістан және басқа да мемлекеттер бар.