«Үздік көше – 2025» байқауының жеңімпаздары марапатталды
 
        
        
        
    Аудан әкімі «Үздік көше – 2025» байқауында жеңімпаз атанған Құтжанов көшесі тұрғындарымен арнайы кездесіп, оларға Алғыс хат пен 10 млн теңгенің сертификатын табыстады.
Бұл байқау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында өткізілген болатын. Шараның мақсаты – елдімекендердің ажарын аша түсу, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және ортақ іске жауапкершілікпен қарауға ынталандыру.
Байқауға белсенді атсалысқан Құтжанов көшесінің тұрғындары аула мен көше тазалығын қамтамасыз ету, жасыл желек өсіру, тәртіп пен тәрбие мәдениетін қалыптастыру бағытында ұйымшылдық пен ауызбіршіліктің жоғары үлгісін көрсетті. Осындай тындырымды еңбектің арқасында көшенің келбеті жақсарып, тұрғындардың өмір сапасы да арта түскені атап өтілді.
Абаттандыру жұмыстары келесі жылы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескере отырып жүргізілетін болады. Сертификатқа берілген қаражат көше жарығын жақсартуға, демалыс алаңын салуға, жол төсемін реттеуге және басқа да қажетті инфрақұрылымды дамытуға бағытталмақ.
