Алғабас ауылына қайта сайланған әкімге куәлік табыс етілді
Жаңасемей ауданына қарасты Алғабас ауылдық округінде әкім сайлауының қорытындысы бойынша ауыл әкімі болып Құсайынов Төлеген қайта сайланды. Бұл шешім – жергілікті тұрғындардың өз әкімдеріне деген сенімінің, оның атқарған ісіне берген жоғары бағасының айқын көрінісі.
Сайлау науқаны ашық әрі әділ өтті. Ауыл тұрғындары белсенділік танытып, өз таңдауларын жасады. Құсайынов Төлеген бұған дейінгі қызметінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына, инфрақұрылымның жаңаруына және тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар бастамаларды жүзеге асырған болатын.
Сайлау қорытындысынан кейін аудан әкімдігі аппаратының басшысы Айнұр Ораловна мен аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Алғабас ауылына арнайы келіп, қайта сайланған әкімге қызметтік куәлікті салтанатты түрде табыс етті.
Салтанатты жиында сөз алған Айнұр Ораловна Құсайынов Төлегенді жаңа кезеңдегі қызметімен құттықтап, оған сәттілік тіледі:
«Ауыл әкімінің жұмысы – халықтың сеніміне сүйенген үлкен жауапкершілік. Төлеген мырзаның бастамашылдығы мен іскерлігі ауылды көркейтіп, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етіп келеді. Алдағы уақытта да бірлескен жұмыс нәтижесінде Алғабас ауылының әлеуеті арта түсетініне сенеміз», – деді ол.
Өз кезегінде аудандық сайлау комиссиясының төрағасы сайлау нәтижелерінің ашық әрі әділ өткенін атап өтіп, ауыл тұрғындарының сенімі – кез келген басшы үшін ең үлкен міндет екенін айтты.
Құсайынов Төлеген өзіне артылған сенім үшін ауыл тұрғындарына ризашылығын білдіріп:
«Бұл сайлау – мен үшін жаңа жауапкершілік кезеңі. Алғабас ауылын дамыту бағытындағы жұмысымызды жалғастырып, әрбір тұрғынның өмір сапасын жақсарту жолында бар күш-жігерімді жұмсаймын», – деді ол.
Марапаттау рәсімінен кейін ауыл ақсақалдары мен тұрғындар жылы лебіздерін білдіріп, жаңа әкімнің бастамаларына табыс тіледі.
Алғабас ауылында алдағы уақытта да ауылішілік жолдарды жөндеу, ауызсу және жарықтандыру жүйесін жаңарту, жасыл аймақтар құру және әлеуметтік нысандарды жетілдіру бағытындағы жұмыстар жалғасады.
Бұл сайлау – жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің жандануына, тұрғындардың өз әкімін таңдау арқылы ауыл дамуына тікелей үлес қосуына мүмкіндік берген демократиялық үрдістің нақты көрінісі болды.



