Cемей1°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
495.2 522.34 4.94

Әлихан Смайылов Абай облысының шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесті

21-04-2023, 18:27 Думан Кенжеғазыұлы

Абай облысында жұмыс сапарымен болған ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық мұражай-қорығының экспозициясымен танысып, өңірдің шығармашыл зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Сондай-ақ Премьер-Министр сапар барысында бірқатар іргелі медициналық орталықтарды аралады.

Үкімет басшысы «Жидебай-Бөрілі» аумағында «Ұлы ақын Абай ұлдарымен» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, содан кейін мұражай-қорықтың экспозициясымен танысты.

Жидебай қонысы – Абай есімімен байланысты қасиетті орындардың бірі. Ұлы ойшылдың өмірінің соңғы 10 жылы осында өткен, ол мұнда 76 лирикалық өлең, 45 «қара сөздің» 27-сін жазған, М. Лермонтов пен И. Крыловтың әдеби шығармаларын аударған. Өз кезегінде Бөрілі – ұлы жазушы әрі ғалым Мұхтар Әуезовтің балалық және жастық шағының алтын бесігі. Қазіргі уақытта «Жидебай-Бөрілі» мұражай-қорығының қорында шамамен 21 600 жәдігер бар, ал ғылыми кітапханада 14 500-ден астам кітап сақталған.

Премьер-Министрдің облыс зиялыларымен кездесуі барысында жаңа білім беру мекемелерін салу және жұмыс істеп тұрған білім ошақтарын дамыту, мәдениет және өнер саласындағы жобаларды жүзеге асыру, Шәкәрім Құдайбердіұлының 165 жылдығына орай іс-шаралар өткізу мәселелері талқыланды.

Сұрақтардың біріне жауап берген Әлихан Смайылов Абай облысында 300-ге жуық мәдениет және өнер ошағы бар екенін, онда 2 мыңнан астам адам жұмыс істейтін атап өтті. Бұған мұражайлар, мұрағаттар, кітапханалар, филармониялар, мәдениет үйлері және т. б. кіреді.

«Үкімет мәдениетті дамытуға үлес қосып жүрген қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту жөнінде шаралар қабылдауда. Өткен жылдан бастап республикада мәдениет қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен көтеру басталды. 2025 жылға қарай жалақы екі есеге артуы тиіс», — деді ол.

Сонымен қатар Премьер-Министр алдағы уақытта мектептер салуды жалғастыру, студенттерге арналған білім беру гранттарының санын арттыру, облыстың жоғары оқу орындарын дамыту және оларда жаңа жатақханалар ашу жоспарларын белгіледі. Ол бұл қадамдар өңірдің мәдени әлеуетін көтеруге елеулі үлес қосатынын атап өтті.

Премьер-Министр жұмыс сапары аясында облыс тұрғындарына мамандандырылған онкологиялық көмек көрсететін Ядролық медицина және онкология орталығының жұмысымен танысты. Медициналық мекемеде әртүрлі бейіндегі тәулік бойы жұмыс істейтін стационардың 165 төсек-орны орналастырылған, мұнда сәулелік, клиникалық және радионуклидтік диагностика бөлімшелері, эндоскопия бөлімшесі және т. б. жұмыс істейді.

«Еліміздегі жалғыз радионуклидті терапия бөлім осы орталықта орналасқан. Ауруларды диагностикалаудың материалдық-техникалық базасы жақсарды. Оның ішінде қатерлі ісік ауруын ерте анықтау мен жедел хирургиялық емдеу де бар. Орталыққа жоғары білікті қызмет көрсететін заманауи хирургиялық корпус қажет. Денсаулық сақтау министрлігі осы мәселені пысықтауы тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы Облысты дамытудың кешенді жоспарында 400 орындық көпбейінді аурухана, 300 орындық балалар ауруханасы, облыстық қан орталығы мен Семей қаласында екі емхана, сондай-ақ өңірдің ауылдық жерлерінде 65 жаңа алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету нысанын салу көзделіп отырғанын айтты.

Бұдан кейін Үкімет басшысы бюджет есебінен салынып, жыл басында пайдалануға берілген 150 орындық мүгедектерге арналған облыстық жаңа абилитация және оңалту орталығында болды. Онда бірнеше жүзу бассейні, заманауи спорт залы, емдік ванна, еңбек терапия кабинеттері, арнайы мамандандырылған сыныптар, кітапхана, демалыс бөлмелері және т. б. бар.

Орталықта балалар мен ересектерге жартылай стационарлық жағдайда кешенді медициналық-әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық оңалту жүргізіледі. Сырттан ем алуға келгендерге 1 айдан 6 айға дейін уақытша тұру мүмкіндігі бар.

Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылға қарай еліміздің 12 облысында әрқайсысы 150 орындық жаңа оңалту орталықтарын салу жоспарланғанын атап өтті. Бұл оңалту кезеңінде мүгедек азаматтардың орталықта тәулік бойы қалуына мүмкіндік береді.

«Бұл орталықтардың ашылуы арқылы облыс тұрғындарына, оның ішінде шалғай елді мекендердегі халыққа арнайы мамандандырылған әлеуметтік қызметтер қолжетімді болмақ», — деді ол.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив