Көкпекті ауданында Тексеру комиссиясының өкілдерімен жұмыс жиналысы өтті
Бүгін Көкпекті ауданына жұмыс сапарымен Абай облысы бойынша Тексеру комиссиясының төрағасы Нариман Бақытұлы Таушов және комиссия мүшесі Әсел Аманжолқызы Арғынғазина келді.
Сапар аясында аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық мемлекеттік мекемелердің басшылары мен есепшілерінің қатысуымен жұмыс жиналысы ұйымдастырылды. Жиынның негізгі мақсаты – мемлекеттік аудит жүргізу тәртібін түсіндіру, сондай-ақ алдағы жоспарлармен таныстыру болды.
Жиын барысында Тексеру комиссиясының өкілдері комиссия қызметінің негізгі бағыттары мен мақсаттарына кеңінен тоқталып, 2025 жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін таныстырды. Атап айтқанда, 28 шілде мен 5 қыркүйек аралығында Абай облысы бойынша Қаржы басқармасына қарасты шоғырландырылған қаржылық есептілікке аудит жүргізіліп жатқанын және осы кезеңде Көкпекті ауданының да шоғырландырылған қаржылық есептілігі қамтылатынын атап өтті.
Сонымен қатар, аудит аясында Көкпекті ауданының қаржы бөлімі арқылы шоғырландырылған қаржылық есептілікті қалыптастыратын 23 мекеменің бухгалтерлік есептері жан-жақты тексерілетін болады. Бұл өз кезегінде бюджеттік қаражаттың тиімді әрі заңды пайдаланылуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жиын соңында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, аудит барысында өзара тиімді ынтымақтастық орнату мәселелері талқыланды.




