Алакөл көлі жағалауында жазғы маусымға дайындық жұмыстары басталды
Абай облысының інжу маржаны - Алакөл көлінде жазғы маусымға дайындық жұмыстары басталды. Бұл туралы «018.kz» редакциясының жолдаған сауалына Үржар ауданының әкімдігі жауап берді.
Сондай-ақ, аудан әкімдігі жағалаудағы қауіпсіздік шаралары қалай болатындығы туралы айтты.
Биыл туристер Алакөлге әуе немесе көлік қатынасы арқылы жете алады.
Туристік маусым кезінде «Оңтүстік аспан» әуе компаниясы тарапынан Алматы және Семей қалаларына, ал «QAZAQ AIR» әуе компаниясы тарапынын Астана қаласына әуе рейстері ұйымдастырылған. Билет бағасы субсидиялау арқылы арзандалатылған.
Айта кетейік, ағымдағы жылы туристік маусымға Үржар ауылындағы әуежайға: Астана қаласынан аптасына 5 рет, Алматы қаласынан 4 рет және Семей қаласынан 3 рет әуе ұшақтарын қабылдау жоспарлануда. Билет құны: Астана-Үржар 16 000 теңге, Алматы-Үржар 14 000 теңге, Семей-Үржар 12 000 теңгені құрайды.
Сондай-ақ, Жалаңашкөл станциясына Алматы, Астана, Өскемен және Семей қалаларынан тікелей бағыттар арқылы демалушылардың теміржол арқылы қатынауы мүмкіндіктері қарастырылған.
Жаланашкөл станциясынан көл жағалауына дейін жолаушыларды тасымалдауға 2 «Setra» маркалы автобус және 5 шағын автобустар ұйымдастырылған, олардан басқа 20-дан астам жеке тасымалдаушы тұрақты түрде қызмет көрсетеді.
Алакөл көлі жағалауында TOURIST INFO ақпараттық орталығы жазғы маусымда қызмет атқарады. Демалушыларға тегін ақпараттық кеңестер беріліп Алакөл көлі жағалауында орналасқан кәсіпкерлік нысандар картасы тегін ұсынылады. Аталған карта бойынша TOURIST INFO ғимаратының аумағында 4*2 көлемде баннер орнатылған. Сонымен қатар LED экран арқылы суға түсу ережелері, суда қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша қысқа көлемде бейне роликтер қосулы тұрады.