Ақсуат ауданының екі ауылында медициналық пункт ашылды
Ақсуат ауданының Қожагелді және Аққала ауылдарында медициналық пункттер пайдалануға берілді. Облыс әкімі Берік Уәли «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған нысандардың ашылуына қатысты.
Қожагелді ауылында 100-ден астам тұрғын тұрады. Елді мекенде ашылған медициналық пункт тәулік бойы алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Аймақ басшысы осы жерде ауыл тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Аудан орталығынан 10 шақырым жерде орналасқан Аққала ауылында бой көтерген нысан Екпін ауылының дәрігерлік амбулаториясына қарайды. Медициналық пункт халыққа алғашқы көмек көрсетіп, жедел жағдайларда тәулік бойы қызмет етеді.
Облыс әкімі медициналық пункттердің ашылуында сөйлеген құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Аталған елді мекендердің тұрғындары ризашылықтарын жеткізді.
Өңірдің денсаулық сақтау саласының инфрақұрылымын дамыту мақсатында жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2025 жылы 12 медициналық ұйымға 3 мыңға жуық медициналық жабдық сатып алынды. «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында Ақсуат ауданы 92 медициналық жабдыққа қол жеткізді. Бұл жабдықтар ауруды ерте кезеңде анықтауға, дәл әрі сапалы диагностика жасауға, тұрғындарға жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге зор мүмкіндік береді.
Медициналық нысанның ашылуынан соң аймақ басшысы Аққала ауылының тұрғындарымен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады. Облыс әкімі жол бойындағы елді мекеннің болашағы зор екенін, алдағы уақытта бұрынғы әуежайдың қайта жаңғыртылатынын, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын айтты.










