Cемей-4°С
Ауа-райы
  • Абай-16°С
  • Аягөз-24°С
  • Ақсуат-14°С
  • Бородулиха-15°С
  • Қалбатау-17°С
  • Курчатов-18°С
  • Көкпекті-15°С
  • Үржар-12°С
499.83 581.5 6.42

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Абай облысындағы су тасқынының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты

Бүгін, 10:09 Думан Кенжеғазыұлы

ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев жұмыс сапарымен Абай облысына келді. Сапар аясында облыс әкімі Берік Уәли, Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев, Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілдерімен бірге өңірдегі су тасқынының алдын алу шараларымен танысты. Тікұшақпен әуеден шолу барысында Семей қаласы аумағындағы Ертіс өзені, Аягөз қаласы маңындағы өзендер мен елді мекендерді, Бозай елді мекеніндегі көпірді, Жарма ауданы аумағындағы Шар су қоймасы, Бородулиха ауданындағы Красный Яр елді мекені секілді су тасқыны қаупі бар учаскелер қаралды.

Сапар барысында Үкімет басшысының орынбасары Аягөз қаласына, Шар су қоймасына арнайы барып, ахуалды бағамдады. Аягөз, Үржар, Мақаншы, Ақсуат, Көкпекті, Жарма, Абай, Бородулиха, Бесқарағай және Жаңасемей аудандарының әкімдері мен «Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшысы Жарқынбек Байсабыров су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы баяндады.

Жалпы облыс бойынша 64 елді мекенде су басу қаупі бар. Бүгінгі күні 3 елді мекенде қауіп толық жойылған, 22 елді мекенде қауіп сейіліп, 39 елді мекенде сақталуда. Су тасқынының алдын алу мақсатында өңірде тиісті инженерлік жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, 42 шақырымға жуық қорғаныс дамбалары салынып, нығайтылды, 7 шақырымнан астам өзен арнасы тазартылды, 4 шақырым дренаж жүйелері ретке келтірілді. Сонымен қатар өңірде 342 мың текше метр қар шығарылып, өзендердегі мұзды жару жұмысын жүргізу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда азаматтық қорғау жүйесінің барлық күштері жоғары дайындық режиміне көшірілген. Жалпы саны 1436 адам және 543 техника жұмылдырылған.

Қанат Бозымбаев аудан әкімдерінің тасқынның алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар бойынша ақпаратын тыңдап, бірқатар тапсырмалар берді. Күннің күрт жылыну жағдайына дайын болуды ескертіп, елді мекендердің сыртына бөгеттер қою, эвакуациялық пункттердің әзірлігі мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Жалпы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Алайда әуеден шолу нәтижелері ауа температурасының күрт көтерілуі және қардың қарқынды еруі жағдайында жекелеген учаскелерде ахуалдың күрделену қаупі сақталып отырғанын көрсетті. Осыған байланысты өзен арналары мен су өткізу құрылыстарын уақтылы тазалауға, техника, сорғы жабдықтары және авариялық бригадалардың дайындығына ерекше назар аудару қажет. Гидрометеорологиялық жағдай өзгерген кезде әрекет ету жедел болуы керек. Жұмыс алдын алу қағидаты бойынша жүргізілуі тиіс», – деді ол.

Облыс әкімдігіне су тасқыны қаупі бар учаскелерде тәулік бойы мониторинг ұйымдастыру, елді мекендерден қар шығару жұмыстарын жеделдету, гидротехникалық құрылыстар мен қорғаныс бөгеттеріне қосымша тексеру жүргізу, азаматтық қорғау күштері мен құралдарының толық дайындығын қамтамасыз ету, эвакуация жоспарларын өзектендіру, уақытша орналастыру пункттерінің дайындығын тексеру және халықты уақтылы ақпараттандыру тапсырылды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив