Облыс әкімі Малақ ауылының тыныс-тіршілігімен танысты
Аймақ басшысы Берік Уәли Үржар ауданының Малақ ауылына барды. Науалы ауылдық округіне қарасты Малақ ауылы аудан орталығынан 8 шақырым жерде орналасқан. 600-ге жуық халық тұрады. Тұрғындардың негізгі кәсібі – мал және егін шаруашылығы. Елді мекенде амбулатория, ауылдық клуб жұмыс істейді.
Соңғы жылдары ауылды дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді. Шағын футбол алаңы орнатылып, су жүйелері толық жаңартылып, пайдалануға берілді. Биыл ауылдағы ұзындығы 4 шақырымды құрайтын үш көшеге орташа жөндеу жүргізілді. Облыс әкімі жолдың сапасын бақылап, елді мекен тұрғындарымен кездесті.
«Өздеріңіз білесіздер, бұрын Малақ ауылында асфальт мүлде болмаған. Былтыр асфальт салу бойынша қаражат бөліп, жоспарлаған болатынбыз. Биыл ауданның 4 ауылындағы көшелерге асфальт төселді. Соның бірі сіздердің ауылдарыңыз. Жол сапалы, жақсы жасалған екен. Бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта жалғастыратын боламыз», – деді Берік Уәли.
Ауыл халқы атқарылған жұмыстарға алғысын білдірді.
«Малақ ауылына келін болып түскеніме 51 жыл болды. Осы уақыт аралығында ауылымызда асфальт болмаған. Облыс әкімі ауылымызға алғаш рет келіп отыр. Ауыл тұрғындары атынан алғысымызды айтамыз», – деді Малақ ауылының тұрғыны Зәйрәш Сүлейменова.
Тағыда оқыңыз










