Берік Уәли Тана мырза ауылына барды
Аймақ басшысы Берік Уәли Ойшілік ауылдық округіне қарасты Тана мырза ауылының тұрғындарымен кездесті.
Елді мекен аудан орталығы Ақсуат ауылынан 12 шақырым жерде, Қарғыба өзенінің жағасында орналасқан. Бүгінде ауылда 85 отбасы тұрады. Елді мекенде орта мектеп, дәрігерлік пункт, кітапхана жұмыс істейді. Ауылға су құбыры желісі тартылған.
Былтыр аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, балалар ойын алаңы салынды. 2012 жылы пайдалануға берілген Тана мырза орта мектебінде 84 оқушы білім алады, 33 мұғалім еңбек етеді.
Кездесу барысында тұрғындар ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу, көшелерді жарықтандыруға қатысты мәселелерді көтерді. Сондай-ақ, балалар ойын алаңының сапасына байланысты шағымдарын айтып, воркаут алаңын салу жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін тыңдап, ұсыныс-пікірлердің назардан тыс қалмайтынын айтты.
Кездесуде ауыл тұрғындары елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстар үшін алғыстарын білдірді.







