Жарма ауданында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері бойынша семинар өтті
Жарма ауданы, Қалбатау ауылындағы аудандық Мәдениет үйінде ҚР Ұлттық экономика министрлігі өкілдерімен БҰҰ-ның ҚР-дағы Даму бағдарламасының бас сарапшысымен бірлесіп, ҚР-да жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдардың, кенттердің сондай-ақ жергілікті қоғамдастық жиналыстарының мүшелеріне арналған жергілікті өзін-өзі басқаруды одан әрі дамыту мәселелері бойынша оқу-практикалық семинар өтті.
Семинарға Жарма, Үржар, Ақсуат, Көкпекті, Аягөз аудандарының экономика, қаржы бөлімдерінің мамандары мен ауыл әкімдері қатысты.
Шараны кіріспе сөзбен Жарма ауданы әкімінің орынбасары Н.Нұрғалиев ашып, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндап, оқу-тәжірибелік семинардың маңыздылығына тоқталды.
ҚР ҰЭМ Өңірлерді талдау және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту департаменті директорының орынбасары Нұртасқан Әжіметов «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң жобасының негізгі қағидаларын және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырымдамасы» туралы ақпарат берді.
ҚР БҰҰДБ жобалық сарапшысы Қанатбек Зертүймеев өз сөзінде осы бағыттағы жобалардың ерекшеліктеріне тоқтала келіп, қатысушыларды пікір алмасуға шақырды.
Абай облысы экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Мария Юрьевна Осадчая, қаржы басқармасы басшысының орынбасары IV деңгейлі бюджетті жоспарлау, атқару бойынша мақсат-міндеттер жайында баяндады.
Сонымен қатар, ҰЭМ өкілдері тарапынан сайлау процесіндегі жаңашылдықтар, әкімдерге қойылатын талаптар, ақылы қызмет көрсету туралы түсіндірді. Ашық диалог барысында жергілікті өзін-өзі басқарудың жаңа органдары – Кеңес, мемлекеттік сатып алу және бюджетті жоспарлау мәселелері көтерілді.
Семинар барысында қатысушыларды толғандырған сауалдарына мамандар жауап беріп, өзара пікір алмасты. Салықтар мен төлемдердің қосымша түрлерін беру арқылы ауылдық округтердің кіріс базасын ұлғайту, мемлекеттік сатып алу рәсімдерін оңайлату және ауыл әкімдерінің жұмысын одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар айтылды. Шараға жиылған қауым мәдениет үйінің дайындаған концерттік бағдарламасын тамашалады.