Абай облысының әкімі Бесқарағай ауданындағы құрылыс нысандарын аралады
Өңір басшысы Бесқарағай ауданына жұмыс сапары аясында халықпен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдағаннан кейін ауданда салынып және жаңғыртылып жатқан бірнеше нысанды аралады.
Алдымен 54,8 млн. теңге қаржыға күрделі жөндеу жүріп жатқан балабақшаға барды. Қайта жаңғырту жұмыстарын «ИТМ КАРГО» ЖШС, «ArhiVa Architects» ЖШС мердігерлік ұйымдары қолға алған. Аймақ басшысы балабақшадағы құрылыс барысын тексеріп, мердігерге жұмыс қарқынын жеделдету қажет екенін атап өтті.
Сондай-ақ, ол Канонерка ауылындағы мәдениет клубындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстары 31 тамызда аяқталу қажет. Алайда, ішкі жөндеу жұмыстары жоспарға кірмегендіктен, мердігер компания нысанды ерте тапсыруды көздеп отыр.
Сонымен қатар аймақ басшысы Канонерка ауылындағы жаңа үйлердің құрылыс барысын және Жыланды ауылындағы білім ордасын тексерді. Нұрлан Ұранхаев мектепті аралап, оның жабдықталуымен танысты. Қазіргі уақытта мектепте 71 оқушы оқиды және 18 ұстаз жұмыс істейді. Мектепте 14 оқу, 1 робототехника кабинеті ашылған. Сондай-ақ спорт зал, жасанды жабыны мен қоршауы бар футбол алаңы, жабық ойын орталығы бар.
Бесқарағай ауданының әкімі Талғат Мұратов Жыланды ауылында бұрынғы мектеп апатты деп танылып, жаңасы салынғанын атап өтті. Аудан басшысы ауылға кіреберіс автожолды қайта жаңарту жоспарланып отырғанын және мүмкіндігінше тасжолды жаңа мектепке дейін жөнделетінін айтты.