Семейде Халықаралық қарттар күніне орай мерекелік шара өтті
Семей қаласы әкімідігінің ұйымдастыруымен "Karagaily” шипажайында қарттар күніне арналған мерекелік іс-шара өтіп, ақ дастархан жайылды. Мерекелік шараға Семей қалалық ардагерлер кеңесіне қарасты барлық зейнеткерлер қатысты. Сондай-ақ, қала әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың атынан қаланың дамуына зор үлесін қосқан, Қ.Альсейтов, П.Ақпанов, Т. Свитич, С. Бақтажаров, Т.Игимбаеваларға алғыс хаттар табысталды.
Семей қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Серік Жумадилов қала әкім атынан құттықтау сөз сөйледі.
"Аға буын– еліміздің алтын қоры. Тәжірибесі мол аға буынның өмір жолы біз үшін аса құнды. Сондықтан xалқымыз ертеден-ақ үлкенге құрмет көрсетуді өсиет етіп, ұрпақтар арасындағы сабақтастыққа, үйлесімге ерекше мән берген.Қарттарын қазынаға балаған халқымыз қашан да үлкеннің жасы мен жолын сыйлап, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтаған”,- деді Серик Жумадилов қала әкімі атынан.
Шара барысында Қалалық Мәдениет сарайының өнерпаздары арнайы бағдарламасын дайындап, әсем ән мен биден шашу шашты.
Аға буын өкілдері өздеріне көрсетілген ықылас пен қошеметке риза болып алғыстарын білдіріп, естелікке суретке түсті.
Айта кетейік, бүгін Семей қаласы әкімдігінің бастамасымен ардагерлердің шаңырақтарына бөлім басшылары арнайы барып, оларды мерекемен құттықтады. Бүкіл өмірін қажырлы еңбекке арнаған қазыналарымызға құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар тарту етілді.