Абай облысында ұстаздар күніне арналған облыстық іс-шара өтті
Ұстаздар күніне арналған «Ұстазды ұлықтау – үлкен мәртебе» атты облыстық салтанатты шара өтті.
Іс-шараның мақсаты: педагог мамандығының қоғамдағы мәртебесін арттыру, әрбір педагог өз оқушылары мен олардың ата-аналарының, әріптестері мен серіктестерінің алғысын, қолдауын сезіне алатын ерекше мерекелік орта құру.
Мерекелік шараға облыстан 500-ге жуық ұстаз қатысты. Шара барысында үздік ұстаздар Оқу-ағарту министрлігінің, облыс әкімінің, облыстық мәслихаттың, облыстық кәсіподақтың, білім басқармасының төс белгілерімен және мақтау қағазымен марапатталды.
Облыс көлемінде білім беру ұйымдарында «Ардагер ұстазбен бір күн», «Дублер күні», «Алдыңғы жақсы артқы жасқа тәлім айтады», «Жаныңда жүр жақсы адам...» акциясы, «Мерейлі ұстаз» бейнеролик байқауы, БАҚ өкілдері арасында «Шабыт қаламы: қоғамдағы педагог мәртебесі» іс-шарасы өтті.
Айта кетсек, бүгінде Абай облысының білім беру саласында бірқатар оң өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, «Жайлы мектеп» жобасы аясында 11 жаңа мектеп ашылып, 36 мектепте оқу бөлмелері жаңартылады. Мұғалімдерге арналған «Цифрлық кітапхана» бағдарламасы, «Үздіктен үйрен» жобасы аясында озық педагогикалық тәжірибені кеңінен насихаттауда белсенді жұмыстар жүргізілген. Бұдан бөлек, «Білім берудегі өзгерістің 1000 көшбасшысы» кадрлық резервінің республикалық дерекқоры құрылды. Сондай-ақ ұстаздар мен оқушыларға қосымша сабақтар өткізуге, сыныптан тыс іс-шара ұйымдастыруға барлық жағдай жасалған.