ҚР Энергетика вице-министрі Абай облысының тұрғындарымен кездесті
Жандос Нұрмағанбетов жұмыс сапарымен Абай облысына келіп, Семей қаласының жылумен қамту нысандарын аралап, тұрғындарды жеке қабылдау өткізді. Сонымен қатар, облыс тұрғындарымен кездесуде жылу электр орталығын салуға дайындық, өңірді газдандыру, халықты көмірмен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министрі Абай облысының тұрғындарымен кездесіп, өңірдегі энергетика саласындағы бүгінгі ахуалға тоқталды. Ол жылыту маусымына дайындық бойынша атқарылған жұмыстардың ауқымдылығын атап өтті.
- Жоспар бойынша іс-сапар – халықпен кездесу, жылу желілерінің жөндеу жұмыстарының аяқталуымен таныстыруды қамтиды. Биыл Семейде біршама жұмыстар атқарылып, республикалық бюджеттен де қаражат бөлінген болатын. Аталмыш қаражатқа қазандықтар мен кварталішілік желілер жөнделді. Бұл ретте, Семей қаласын жылумен қамтамасыз етудегі басты мәселелердің бірі – оң жағалау бөлігінде 118 Гкал/сағ құрайтын жылу энергиясының тапшылығы мен жылу желілерінің 68%-ға тозуы, - деп атап өтті Жандос Нұрмағанбетов.
Өңірдің даму болашағына және өткен жылдың 30 қыркүйегінде Мемлекет басшысы тапрсырмасына сәйкес жаңа жылу электр орталығын салуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
– Бүгінде «Самұрық-Энерго» АҚ жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге кірісті, оны аяқтау ағымдағы жылдың соңына дейін жоспарланған. Қатты отынды жағуға және түтін газдарын ластаушы заттардан тазартуға арналған заманауи жабдықтарды пайдалана отырып, жылу мен электр энергиясын біріктіріп өндірудің тиімді технологиясына негізделген заманауи жылу көзін құру жоспарлануда,- деді вице-министр.
Үкіметте еліміздің шығысын, оның ішінде Абай облысын газдандыру мәселесі де қарастырылуда. Министрлік шығыс аймақтарды газдандырудың 2 нұсқасын қарастыруда: Ақтөбе-Рудный газ құбырын салу кезінде өз ресурстарын пайдалана отырып газдандыру және Ресей Федерациясы арқылы газдандыру. Алдын ала техникалық-экономикалық негіздеме мен келісім-шарт талаптары (газ бағасы және т.б.) алғаннан кейін солтүстік-шығыс өңірлерді газдандырудың оңтайлы нұсқасы әзірленетін болады.
Жандос Нұрмағанбетов атап өткен мәселенің бірі - саяжайлардағы электр жарығы. Аталмыш мәселенің шешім табатынына сендірді. Төмен вольтты желілерді салуға қазірдің өзінде бюджет белгіленген. Сондай-ақ Энергетика министрлігі бұл мәселені бақылауда ұстауда.
Сонымен қатар, басқосуда тұрғындар пәтер иелерінің кооперативі, мүлік иелерінің бірлестігі мен сатушыларды үстемесіз көмірмен қамтамасыз ету мәселелерін де көтеріп, жауап ала алды.