Семейде қоғам қайраткері Нәсен Сембавты еске алды
Көргені көп, көңіліне түйгені мол, көкірегі дария қарттардың бірі, Абай, Көкпекті аудандары мен Семей қаласының құрметті азаматы Нәсен Сембаевтың туғанына 90 жыл толуына орай «Тұлға: Тарих. Тағзым. Таным.» атты конференция өтті.
Әлихан Бөкейхан университетінде өткен шараға ардагердің балалары мен келіндері, жақындары және бірге қызмет атқарған әріптестері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Олар Нәсен Ыбырайұлының өмірі мен қызметі асыл қасиеттері, адалдығы туралы естеліктерімен бөлісті.
Жиынға қатысқан Абай облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы А.Садырбаев еңбек ардагерінің облыстың экономикасына, әлеуметтік дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
Бүгінгі конференцияда халық сыйлайтын нар тұлға - Нәсен ақсақалдың есімін көше атауына беру ұсынылды. Өңірімізде ұзақ жылдар басшылық қызметте болып, өңіріміздің дамуына елеулі үлес қосқан ардагер ақсақалдың көзін көрген зиялы қауым өкілдерінің айтуынша Нәсен Ыбырайұлы тек көшбасшы емес, көпке үлгі болған ұстаз, өнерлі, әрі баритон дауысты әнші, ұлттық колориті мол азамат болған.