Қарулы күштер офицерінің отбасында 20 миллионыншы қазақстандық дүниеге келді
Талдықорған гарнизонының әскери қызметшілері авиациялық базаның әскери қызметшісі майор Мұхтар Әзімбаевтың жұбайы мен ұлының перзентханадан шығуына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
Мұхтар Әзімбаев – Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлегі. Қарулы күштердегі қызметін авиацияның командалық-тактикалық жауынгерлік басқару офицері лауазымында бастаған. Бүгінде ол 21751 әскери бөлімінің жақын аймақ бойынша ұшу жетекшісі. Жұбайы Диана Әзімбаева – Талдықорған қаласындағы төлем орталығының қызметкері.
2015 жылы шаңырақ көтерген Мұхтар мен Диана биыл көпбалалы ата-ана атанып отыр. Тұңғышы Айзере 2016 жылы туған. Екінші баласы Мұхаммедәмин 2018 жылы дүниеге келген. 2020 жылы дүние есігін ашқан Мейран үш жаста. Ал 14 қарашада дүниеге келген сәби төртінші балалары.
Халықтың деректер базасындағы көрсеткіштеріне сәйкес олардың сәбиі Айсұлтан 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған және Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны деп танылған бес баланың бірі болып отыр.
Олардың төртінші баласы Айсұлтанның туған күні еліміздің жиырма миллионыншы тұрғыны тіркелген сәтпен тұспа-тұс келгені туралы ата-аналар Президенттің Twitter-дегі хабарламасынан білді.
Жетісулық отбасын облыс әкімі Бейбіт Исабаев құттықтады. Ол нәресте мен ата-анасына денсаулық тілеп, отбасына баланың ерекше үлгідегі туу туралы куәлігін тапсырып, Президенттің атынан сыйлық берді.
«Отбасы банк» АҚ Жетісу облысы филиалының директоры Жасұлан Құрманғалиев Әзімбаевтар отбасына 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Болашақта бұл қаражат оқу ақысын төлеуге немесе Айсұлтан үшін тұрғын үй сатып алуға алғашқы жарна ретінде жұмсалуы мүмкін.
Авиациялық база командирінің орынбасары подполковник Айдар Гаухаров ерлі-зайыптыларға Қорғаныс министрінің құттықтау хатын табыс етті. Онда генерал-полковник Руслан Жақсылықов нәрестенің офицер отбасында дүниеге келуі маңызды оқиға екенін атап өткен. "Айсұлтан әкесінің ісін лайықты жалғастырушы болатынына сенімдімін. Отбасыңызға бейбіт аспан, денсаулық пен амандық тілеймін", - деген.
Әріптестері мерейлі сәби сүйген бақытты ананы әскери оркестрмен қарсы алды. Олар Әзімбаевтар отбасын айтулы оқиғамен шын жүректен құттықтап, бақыт тіледі.