Қақпадан бұрын Отанды қорғаймын - Глеб Малиновский
«Жетісу» клубының ойыншысы Ұлттық ұлан қатарында.
Глеб Малиновский есімі футболсүйер қауымға етене таныс. «Жетісу» клубының қақпашысы ерекше ойын өрнегімен бірталай жанкүйердің жүрегін баурап алған. Отан алдындағы борышын өткеруге шақырту алған спортшы клуб арасындағы келісімшартын уақытша тоқтатып, Ұлттық ұлан қатарына қосылды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6679 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеуші Жетісу облысы Қарабұлақ ауылының тумасы.
Ала доптың аламанына алты жасынан ат ізін салған ұландық алғашында шабуылшы шебінде ойнапты. «Жетісу» футбол клубының жаспөспірімдер тобындағы доп додасының бірінде қақпашы жарақат алып, орынын Глебқа тапсырады. Қақпаға бағытталған толассыз соққыларға тойтарыс берген жас өрен бұдан кейін клубтың негізгі қақпашысына айналады.
Павлодар қаласындағы әскери бөлім жауынгерлік даярлықтан бөлек, спорттық іс-шараларды жиі ұйымдастырады. Бұл, әсіресе, Глеб үшін таптырмас бағалы шақ болып табылады.
Порту клубының ойыншысы Икер Касильясты үлгі тұтатын сарбаз әскер сапында да қажетті жаттығуларын жасап жүр. Ол мерзімді әскери қызметін өткергеннен кейін клубына қайта оралып, теңбіл доптың теңдесіз шеберіне айналуды мақсат тұтады.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі