Көпбалалы 26 отбасыға тұрғын үй кілттері табысталды
Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов мемлекеттік тұрғын үй қорында «Көпбалалы отбасы» санаты бойынша кезекте тұрған 26 отбасына Ұшақтар кентінен жеке тұрғын үйлердің кілтін табыстады.
Әр үйдің жалпы ауданы 80-100 шаршы метрді құрайды, үйлер жылыту пештерімен толық қамтамасыз етілген, жөндеу жұмыстарын қажет етпейді. Ауласында бау-бақшаға арналған арнайы бос орын бар.
Құрылыс компаниясының басшысы Айдын Бухаровтың айтуынша, тапсырыс беруші Семей қаласының әкімдігі үйлердің сапасын аптасына екі рет тексеріп, кірпіштің әр қатарының қалауын қарап, құрылыстың барлық кезеңдеріндегі, жұмыстардың сапасын тексерді.
"Біз отандық материалдарды - жергілікті силикат пен Қарағандыдан шығатын ағаштарын қолдандық. Өз ісін білетін білікті мамандар процесті бақылап отырды. Шынымды айтсам, әкімдік тарапынан бақылау өте қатал болды. Біз көп жылдар бойы құрылыс жүргізіп келеміз, бірақ бұған дейін мұндай қадағалауды жүргізгендері есімде жоқ", - деп түйіндеді "Айдын и Ко" ЖШС басшысы Айдын Бухаров.
Айта кетейік, Семей қаласының тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мәліметінше, 2023 жылы 211 пәтер беру жоспарланған, оның 92-сі көпбалалы отбасыларға арналған.