Ерекше білім беруді қажет ететін балаларға кәсіби бағдар берілді
Абай облысы Семей қаласындағы «Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау» орталығында арнайы білім беру ұйымдары, кәсіптік бағдар беруші мамандары және техникалық кәсіптік білім беру ұйымдарының қызметкерлеріне арналған облыстық семинар – практикум өтті.
«Мен кім боламын?», «Қалаймын – істей аламын - қажет» формуласы тақырыбында өткен облыстық шара мақсаты - кәсіптік бағдар беру бағытында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының жұмыс тәжірибесін жинақтау және тарату. Іс-шараға облыс көлемінде 40-қа жуық маман қатысты.
Іс – тәжірибе барысында кәсіптік бағдар беруші мамандары әртүрлі мамандық түрлерін таныстырды. Еңбектің әлеуметтік аспектілерін талқылау жұмыстары жүргізілді. Ерекше білім беруді қажет баланың шығармашылық ынтасын ашатын технологиялар бойынша әдістемелік жұмыстар талқыланды.
Арнайы білім беру ұйымдары мекемелерінің қызметкерлері 6 алаңда шеберлік сабақтарын жүргізді.
Айта кетейік, бүгінде орталықта 7 жастан 18 жасқа дейінгі ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 62 бала бар. Мекеменің басты қызметі әлеуметтік оңалту және түзету, кәсіптік-еңбекке даярлық, медициналық, психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу, спорттық-сауықтыру технологиялары, шығармашылық қабілеттерін дамыту, баланың жеке басын тәрбиелеу, интернаттан кейінгі өзара әрекеттесуге бағытталған.
Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі