«Алтын тұғыр» республикалық математикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті
Бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған математикалық олимпиада өтті. Олимпиада мақсаты - бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби қызметінде жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылысын жетілдіру, шығармашылық әлеуеті мен педагогикалық шеберлігін дамыту, мұғалім мамандығының мәртебесін арттыру.
Облыстық кезеңге 9 ауданнан 80 жүлдегер педагог іріктеліп алынды. Үш бөлімнен тұратын олимпиада тапсырмаларын орындауға 90 минут уақыт берілді. Олимпиада тапсырмалары бастауыш сынып бағдарламаларын негізге ала отырып құрастырылған авторлық есептер, басым бөлігі логикалық есептерден тұрады.
Қазылар алқасының құрамына жоғары оқу орнының педагогика ғалымдары, математика пәні оқытушылары, олимпиада, байқау жеңімпаздары, бастауыш сынып мұғалімдері және облыстық әдістемелік орталық өкілдері кірді.
Үздік көрсеткіш көрсеткен 8 мұғалім анықталып, ақпан айында өтетін республикалық кезеңге жолдама алды.
Айта кетейік, бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Алтын тұғыр» математикалық олимпиадасы Абай облысында биыл екінші рет өткізілді. Республикалық кезеңде үздік үш жеңімпаз мұғалімге «Зерделі» ақыл-ой дамыту мектебі ұжымы Сингапурге жолдама табыстайды.
Абай облысы әкімінің баспасөз қызметі