Бесқарағайлық жас спортшылар жүлделі орынға ие болды
Есігімізді айқара ашқан жаңа 2024 жыл Бесқарағай ауданы үшін, Бесқарағай ауданының жас спортшылары үшін жақсы жаңалықтарға толы болды.
6-10 қаңтар аралығында Семей қаласында өткен 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында «Цементник» спорт клубының шағын футболдан аймақаралық турнирі ұйымдастырылды.
Турнирға еліміздің әр өңірінен, нақтылап айтқанда Өскемен қаласынан 5 команда, Астана қаласынан 2 команда, Семей, Павлодар, Қарағанды қалаларынан, Зайсан, Тарбағатай, Бородулиха, Жарма, Үржар, Ақсуат аудандарынан жас спортшылар қатысты.
Бесқарағайлық спортшылар барлығы 6 ойын ойнап, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Алғашқы ойында Семей қаласының «Ярыш» командасымен ойнап, 8:1 көрсеткішімен жеңіске шығып, екінші ойында Астана қаласының «Дрим-тим» командасымен 4:0, үшінші матчта Ақсуат ауданының ойыншыларын 5:0, ширек финалда Семей қаласының «Спортак» командасымен ойнап 6:1 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалда Семей қаласының «Ярыш» командасын 3:2 есебімен жеңіп, ақтық ойында ШҚО Зайсан ауданына келген жас спортшыларымен сынға түсіп, 2:1 есеп көрсеткішімен жеңіске жетіп отыр.
Жалпы ұйымдастырылған ойын қорытындысы бойынша Бесқарағай ауданының намысын қорғаған жас спортшылар жүлделі бірінші орынға ие болды.
Сондай-ақ, өткізілген турнирдің «Үздік ойыншы» болып Мерлан Адылбек танылды.