«Абай жолы» кітапханасы жобасы аясында жарық көрген кітаптар топтамасының тұсауы кесілді
«Абай жолы» кітапханасы жобасы облыс әкімі Нұрлан Ұранхаевтың қолдауымен жарық көріп отыр. Кітаптар топтамасы жобасын құру Қазақстанның мәдениеті мен әдебиетінің дамуына ықпал етуге, туған өлкемізден шыққан ұлы тұлғаларымыз бен ақын-жазушыларымыздың туындыларын қайта жаңғыртып шығаруға, тұлғаларымыздың атын әйгілеуге, көркем әдебиет арқылы жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеуге бағытталған.
Кітаптарды оқуға қызығушылық танытқан оқырман қауым алдағы уақытта бұл кітаптарды Семей өңірі кітапханаларының қорынан және цифрлы нұсқасын ҚР ҰЭК қорынан тауып оқи алатын болады.
Ақын-жазушылардың шығармаларын бағалау және жариялау жөніндегі кеңеске Шәкәрім атындағы университеттің профессоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Еспенбетов Арап Слямұлы жетекшілік етті.
«Абай жолының» тұсаукесері – дәстүр мен жаңашылдықтың үйлесімділігі ұштасқан кітап шарасының жаңа форматы. Оның концепциясы ашықтық, мультимедиялық, әдебиетке негізделген өнер синтезі принциптерінен тұрады.
Топтаманың алғашқы басылымы 2023 жылы Астана қаласындағы «Фолиант» баспасынан 16 кітап әрқайсысы 500 данамен (жиыны 8000 дана), олардың ішінде ұлы ақын Абай Құнанбайұлының «Шығармалары»; Шәкәрім Құдайбердіұлының «Шығармаларының» репринттік басылымы; Несіпбек Айтұлының «Есіл де есіл, есіл күн...»; Бауыржан Жақыптың «Қарауылтөбе» және Төлеужан Ысмайыловтың «Өмір гүлі»; «Жыр жауһарлары» - 1-ші кітап жинағына батыр, әрі жырау Ақтамберді Сарыұлының, ағартушы, жырау Дулат Бабатайұлы мен Абайдың ақын шәкірттері Шәкәрім, Ақылбай, Мағауия, Турағұл, Кәкітайдың шығармалары енген жыр жинақтары; Толымбек Әбдірайымұлының «Ақ кептер» әңгімелері, Айгүл Кемелбаеваның «Мұнара», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Думан Рамазанның «Көш» романдары, Ырысхан Мұсаұлының Құнанбай қажы бейнеленген «Аға сұлтаны», Мұхтар Әуезовтің ақынға арналған «Абай Құнанбаев», Тұрсын Жұртбайдың Абайдың қарасөздері туралы «Дәрілқарап» ғылыми зерттеулері, «Білгенге маржан» - абайтану жайлы мақалалар жинағы; «Абай кітапханасы сирек басылымдарда» жинағының 1-ші кітабына Абайдың қайраткерлік тұлғасын көрсететін материалдар мен қоғамдық кітапханаға қатысты материалдар енген, «Хранитель истории» атты 2-ші ктабына Семей облыстық Статистика Комитеті мен Императорлық Орыс Географиялық Қоғамы Батыс-Сібір Бөлімінің Семей Бөлімшесінің зерттеулері енгізілген шығармалар жоба аясында баспа көрді.
Шараға кітап авторлары Бауыржан Жақып, Тұрсын Жұртбай, Айгүл Кемелбаева, Думан Рамазан, Әбдірайым Толымбек қатысты.