Облыс тұрғындары экологиялық акцияға белсенді қатысып жатыр
Облыста республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбіліктер өтті , - деп хабарлайды 018.kz тілшісі Мадина Айдарова Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастырып, халық арасында табиғатқа деген сүйіспеншілікті ояту.
Семейде «Құстарға ұя сыйла» акциясы өтті. Іс-шараға 150-ден астам адам қатысты. Құс ұяларын жасаудан шеберлік сабағы өтіп, құстарға арналған 80-ге жуық ұя дайындалды.
Үржар ауданында 17 көше тазаланып, 15 тонна қатты қалдықтар шығарылып, 30 000 шаршы метр аумақ тазартылды. Санитарлық-гигиеналық жұмыстарға 18 бірлік техника жұмылдырылды.
Көкпекті ауданында сенбілік нәтижесінде 5 200-ге жуық адам, 38 техника атсалысып, 42 тонна қоқыс төгілді.
Бородулиха ауданында сенбілікке 360 адам қатысты. 12 бірлік арнайы техника тартылып, үйлерге іргелес 10-нан астам аумақ жиналды. Нәтижесінде 25 000 тонна қоқыс шығарылды.
Бесқарағай ауданында 230-дан астам көшені абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Акция аясында 8 мың көшет отырғызылады. Сондай-ақ 5 мыңнан астам түрлі гүл егу көзделген.