Қала әкімі жағдаяттар орталығына барды
Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов жағдаяттар орталығына барып, қаладағы қауіпсіздік жүйесінің жұмысымен танысты. Жағдаяттар орталығында «Сергек» жүйесіне қосылған 1551 бейнекамера тұрақты түрде жұмыс істеп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар, қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында 775 камера да қызмет етеді.
Қазіргі таңда Семей қаласындағы барлық жерасты өткелдері «Сергек» жүйесіне қосылған. Қала басшысы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберістеріне «Сергек» камераларын қосымша орнатуды тапсырды. Бұл шара тұрғындардың қауіпсіздігін арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға көмектеседі.
2023 жылдан бастап «Сергек» жүйесі арқылы 50-ге жуық белгіленбеген жерге қоқыс төккен бұзушылықтар анықталып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 505 бабы бойынша құқықтық жауапкершілікке тартылды.
Семей қаласы Астана, Алматы, Өскемен, Атырау, Шымкенттен кейін «Сергек» қоғамдық және жол қауіпсіздігі жүйесіне қосылған алтыншы қала болып табылады.