Семейде мұғалімдер арасында кіші футболдан облыстық турнир өтті
Абай облысы, Семей қаласы, №21 жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Рахымжанов Шарипхан Каликанович және дене шынықтыру мұғалімдерінің бастамасымен, 25 қазан - Республика күніне арналған «Спорт - біздің серігіміз!» атты мұғалімдер арасындағы кіші футболдан облыстық жарыс өткізілді.
Аталған шара осы мектеп басшылығының ұйымдастыруымен қатарынан үшінші жыл өткізіліп отыр. Жарысқа облыстың түкпір-түкпірінен командалар келді. Атап өтсек, Ақсуат, Көкпекті, Абай, Жарма, Аягөз, Жаңасемей аудандары және қала мектептері бақ сынауға келді.
Бұл сайыстың мақсаты – шағын футболды халықтық спорт түрі есебінде кеңінен тарату және дамыту, қатысушылардың достық, мәдени қарым-қатынастарын, біліктілік деңгейін арттыру.
Жарыс бар жерде табыс, бәсеке бар жерде береке болатыны бесенеден белгілі. Аталған жарысқа облысқа қарасты аудан, қалалардан жиналған 25 команда қатысып, тартысқа толы ойын көрсетті. Сайыстың қорытындысы бойынша, І орын – Семей қаласы, №32 мектебі, ІІ орын- Семей қаласы, №21 мектебі, ІІI орынды Семей қаласы, №49 мектебі иеленді.
Семей қаласының кәсіподақ ұйымының төрағасы Мусабеков Ербол Асемканович және №21 жалпы білім беретін мектебінің директоры Рахымжанов Шарипхан Каликанович сайыстың ашылу рәсімінде командаларға сәттілік тілеп, іс-шараның маңызына тоқталды. Жеңімпаз командалар және ойыншылар облыстық, қалалық кәсіподақ ұйымының қолдауымен арнайы жүлделермен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сайыс өте жоғары деңгейде өткізілді.