Құнанбай қорымына баратын 21 шақырым жолды жөндеу бойынша ұсыныс айтылды
Абай облысының әкімі Берік Уәли жұмыс сапары барысында Ақшоқыдағы Құнанбай Өскенбайұлының қорымына барып, қазақ халқының көрнекті тарихи тұлғаларының бірі, қажылыққа барып, ел басқарған, әділдігімен танылған Құнанбай Өскенбайұлының рухына құран бағыштады.
Аймақ басшысы Құнанбай қорымының тарихи маңыздылығына тоқталып, оның сақталуы мен абаттандырылуына ерекше көңіл бөлу қажеттігін айтты.
Сапар барысында облыс әкімі Бөрілі ауылында орналасқан Мұхтар Әуезовтің мұражай-үйіне арнайы барып, ұлы жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған жәдігерлермен танысты.
Берік Уәли өз сөзінде Құнанбай Өскенбайұлы мен Мұхтар Әуезов сынды ұлы тұлғалардың мұрасына құрмет көрсету – болашақ ұрпаққа аманат екенін айтып, олардың есімдерін ұлықтау бағытындағы жұмыстар жалғаса беретінін жеткізді.
Облыс әкіміне Ақшоқыдағы Құнанбай әулеті жерленген қорым мен сондағы Құнанбай музейіне апаратын 21 шақырым жолға асфалть төселсе деген ұсыныс айтылды.
Айта кетейік, қасиетті мекенге келетін туристер қатары күннен күнге көбейіп келеді.