Семейдегі перинаталдық орталықтың күрделі жөндеуден өткен корпусы пайдалануға берілді
Аймақ басшысы Берік Уәли Семей қаласындағы облыстық перинаталдық орталықтың күрделі жөндеуден өткен корпусына барып, жұмысымен танысты, - деп хабарлайды 018.kz Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау басқармасына қарайтын медициналық мекемедегі жөндеу жұмыстары 2023 жылы басталған. Республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа негізгі ғимарат жаңартылып, бөлімдер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бұдан бөлек жерасты өткелі бар қорғану орны мен кір жуатын орын толық жөнделген.
Облыстық перинаталдық орталық – өңірдегі ең ірі медициналық мекемелердің бірі. Мұнда жүкті әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге және аналарға медициналық көмек көрсетіледі. Орталықта 557 адам жұмыс істейді. Үш корпустан тұратын мекеме жылына 9 мыңға жуық ананы қабылдайды. Мұнда бір мезгілде 240 адам тұрақты емделіп, 10 адам күндізгі стационарда ем-дом қабылдайтындай жағдай жасалған. Ал күрделі жөндеуден өткен корпуста 125 төсек-орын бар.
Облыс әкімі перинаталдық орталықтың жаңартылған корпусын аралап, атқарылған жұмыстарға жақсы баға берді. Аймақ басшысы медициналық мекеменің өңір тұрғындары үшін маңызы жоғары екенін атап өтті. Перинаталдық орталық директоры облыс әкіміне дәрігер мамандарды баспанамен қамту жағынан мәселе бар екенін айтып, көмек көрсетуді сұрады. Мекемеге қарасты ескірген кәріз жүйесі қаланың қарамағына берілсе деген ұсынысын жеткізді.