Cемей9°С
Ауа-райы
  • Абай-17°С
  • Аягөз-10°С
  • Ақсуат-15°С
  • Бородулиха-17°С
  • Қалбатау-15°С
  • Курчатов-4°С
  • Көкпекті-11°С
  • Үржар-10°С
521.67 592.46 6.32

Сенат денсаулық сақтау және ойын бизнесі мәселелері туралы заңды мақұлдады

10-04-2025, 17:04 Думан Кенжеғазыұлы

Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда депутаттар Мемлекет басшысы ұсынған кандидатураны Жоғарғы Соттың судьясы қызметінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ сенаторлар күн тәртібіне шығарылған бірқатар маңызды заңдарды мақұлдады.

Отырыс барысында Сенат депутаттары алдымен ел Президентінің Нұрғазы Әбдіқановты Жоғарғы Сот судьясы лауазымынан босату туралы ұсынуын қарады. Ұсынылған кандидатура алдын-ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды. Соның нәтижесінде Палата отырысында Мемлекет басшысының ұсынуын қолдау туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар депутаттар «Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады. Келісімді ратификациялау Қазақстан Республикасы мен Кипр Республикасы арасындағы Қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша құқықтық ынтымақтастықтың тиімділігін арттырады және екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.

Келісімде белгіленген негізгі шартқа сәйкес сотталған адамның беру туралы ерікті келісімінің болуы қажет. Сондай-ақ сотталған адамда екі тараптың біреуінің азаматтығы болуға және сотталуына себеп болған әрекет үкімді орындау тарапының заңнамасына сәйкес қылмыс деп танылуға тиіс.

«Қаралған Келісім Қазақстан мен Кипр арасындағы құқықтық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуды көздейді. Құжатта сотталған адамдарды беру шарттары, бас тартудың негіздері, үкімді орындау сияқты мәселелер реттелген. Заң екі ел азаматтарының құқықтарын қорғау деңгейін арттырып, мемлекеттеріміз арасындағы серіктестікті күшейтуге оң септігін тигізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Отырыста екі оқылымда қаралған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау, ойын бизнесі және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң денсаулық сақтау саласындағы құқықтық реттеуді жеңілдетуге, ойын бизнесінің халыққа теріс әсер ету тәуекелдерін азайтуға және аталған салаларда мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған.

«Бұл заң денсаулық сақтау саласын реттейтін заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатымен әзірленген. Соның аясында медициналық қызметтерді регламенттейтін нормалар мен уәкілетті органның жекелеген құзыреттері қайта қаралды. Сонымен қатар лудоманиямен күресті арттыруға бағытталған нормалар қарастырылып, букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалау талаптары күшейтілді. Құмар ойындарға қатысуға тыйым салынатын азаматтардың тізбесі де кеңейтілді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Осы орайда «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекске мүгедектігі жоқ адамдарға есту-протездік көмек көрсету туралы ережені, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінде онкологиялық ауруларды ерте анықтау үшін скринингтік зерттеулер жүргізуді және атмосфералық ауаның жай-күйі туралы халықты тоқсан сайын бұқаралық ақпарат құралдарында хабардар етуді көздейтін өзгерістер енгізілгенін атап өткен жөн.

Сондай-ақ «Жарнама туралы» заңға ойын бизнесі жарнамасының таралуын шектейтін түзетулер енгізілді. Соған сәйкес букмекерлік кеңселер мен тотализаторларды жарнамалауға тек арнайы белгіленген аумақтарда ғана жол беріледі. Мұндай жарнаманы мобильді құрылғыларға жіберуге тыйым салынады. Бұдан басқа, «Ойын бизнесі туралы» заңда бас бостандығы шектелген немесе шартты түрде сотталған адамдардың құмар ойындарға қатысуына тыйым салатын нормалар қарастырылды.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңда міндетті медициналық сақтандыру жүйесін бақылау мен басқаруды жақсартуға арналған реттеуші органдардың функциялары нақтыланды.

Осылайша, бүгін қаралып, мақұлданған заң арқылы денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік органдардың функцияларын нақтылауға, жарнаманы орналастыруды басқаруға және ойын бизнесі саласындағы адамдардың белгілі бір санаттарына шектеулер қоюға қатысты түзетулермен қатар, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы заңнама да өзектендірілді.

Сонымен қатар, Палата отырысында сенаторлар өздерінің депутаттық сауалдарын жолады.

Андрей Лукин сот орындаушыларының кәсіпкерлерге қатысты заң бұзушылықтарына, оның ішінде шоттарды негізсіз бұғаттау, істерді заңсыз қозғау және міндеттемелерді орындамай өндірістерді жабу сияқты әрекеттерге назар аударды. Осыған байланысты сенатор мәселені шешуге арналған шараларды атап өтті.

Ольга Булавкина 2,9 миллиард тонна қалдық сақталған қалдық қоймаларының жағдайына алаңдаушылық білдірді. Депутаттың айтуынша, жағдай ушығып кетпеуі үшін қалдық қоймаларына түгендеу және бөгеттердің, құбырлардың, гидрооқшаулағыштардың бұзылу мен эрозияға төзімділігіне сейсмикалық мониторинг жүргізу қажет.

Геннадий Шиповских «ART Sport» бағдарламасына қатысты қаржылық алаяқтық мәселесіне тоқталды. Осыған байланысты депутат мемлекеттік спорттық тапсырысты қаржыландыруды аудандық және қалалық деңгейлерге беруді ұсынды. Сенатор бұл қадам икемділік пен ашықтықты қамтамасыз ететінін айтып, саланы жетілдіруді көздейтін басқа да нақты шараларға назар аударды.

Евгений Больгерт құрылыстағы мемлекеттік сатып алу саласында орын алған жосықсыз бәсекелестік мәселесін көтеріп, тиісті ережелерге бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынды.

Айнұр Арғынбекова дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету проблемаларына, сатып алу рәсімінің ашық болмауына және қымбат препараттар тізбесін қалыптастыруға қатысты түйткілдерге тоқталып, аталған мәселеге Үкіметтің назарын аударды.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив