«Таза Қазақстан» бағдарламасының өңірде жүзеге асырылуы бойынша жиын өтті
Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының өңірде жүзеге асырылу барысы бойынша жиын өтті. Отырысқа бейнережимде қатысқан қала және аудан әкімдері, жиынға шақырылған облыстық басқарма басшылары аймақ басшысына тазалық акциясы аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
5 және 12 сәуірде облыс аумағында екі мәрте жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық акциясына 44 мыңнан астам тұрғын, 1800-ге тарта ұйым және 700-ден астам арнайы техника тартылды. Сенбілік аясында 40 мыңға жуық аула, 400 саябақ пен шағын алаң, 100-ден астам ескерткіш маңы, 126 су айдыны тазаланған. 2 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылып, 8 мың тоннаға жуық қоқыс арнайы полигондарға жеткізілді.
Семей қаласы 21 учаскеге бөлініп, әрқайсысы облыстық басқармаларға бекітілді. Сенбілік кезінде жүргізілген мониторинг нәтижесінде облыс орталығындағы тоғайларда, теміржол маңында және көрінбейтін аймақтарда жылдар бойы жиналған қоқыс пен рұқсатсыз төгілген қалдықтардың бар екені анықталды.
Облыс әкімі басқарма басшыларына тек сенбілікпен шектелмей тазаланған жерлерді тұрғындардың қайтып ластамауының алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, Семей әкімдігіне шығарылған қоқыстың полигонға жетуін қатаң қадағалауды тапсырды. Әр аудан мен қала көшелерінде қоқыс тастауға болмайтынын ескертетін арнайы белгілер орнатып, тәртіп сақшыларымен тұрақты түрде рейд ұйымдастыру қажеттігін айтты. Санитариялық эпидемилогиялық қызмет өкілдеріне облыс орталығындағы май, дөңгелек ауыстыру, шаһардың базарларындағы тамақтану орындарының тазалығын үнемі назарда ұстауды жүктеді.