Cемей31°С
Ауа-райы
  • Абай20°С
  • Аягөз15°С
  • Ақсуат17°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау13°С
  • Курчатов25°С
  • Көкпекті16°С
  • Үржар19°С
511.92 588.91 6.44

Үржардың ауылшаруашылығы саласында оң өзгерістер бар

30-05-2025, 15:14 Сәтжан Қасымжанұлы

Абай облысы, Үржар ауданында ауылшаруашылығы саласының жандануы ойдағыдай жүзеге асып келеді. Көктем шыға тыныс-тіршілігін дөңгелетуге барын салатын шаруашылық иелерінің де өнім алудағы көздеген мақсаты, жоспары айқын. Оның нақты мысалдарын Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаевтың Абай өңірлік коммуникция қызметінде өткізген БАҚ өкілдерімен кездесуіндегі  мәлімдемесінен көруге болады.

2024 жылы өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 58 млрд. 158,5 млн. теңгені құраса, 2025 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 3 млрд. 750,8 млн. теңгеге жеткен. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласында негізгі капиталға құйылған инвестициялар көлемі – 4 млрд. 714,1 млн. теңгені шамаласа,

2025 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша осы бағыттағы инвестициялар көлемі 250,3 млн. теңгені құрайды.

Агроөнеркәсіп кешені субъектілерін субсидиялау  бағдарламалары шеңберінде 2024 жылы 369 өтінім бойынша жалпы көлемі 1 млрд. 887,6 млн. теңге субсидия төленген.    Бұл қаражат ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға, егістікте пайдаланған жоғары сапалы тұқымдарға, гербицидтерге  және минералды тыңайтқыштарға, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында ауданның  шаруа қожалықтарына бөлінген. Сондай-ақ 2024 жылы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ы  арқылы 922,2 млн. теңгеге 11 жоба қаржыландырылған.

«Ауданымызда ауыл шаруашылық техника паркін жаңартуды қолдау бойынша қабылданып жатқан шараларға сәйкес биылғы жылы фермерлерге лизингке ауыл шаруашылық техникасын пайыздық үстеме ақысыз тікелей 5%-бен алуларына мүмкіндік жасалып отыр. Жыл басынан бері «Жеңілдетілген лизинг» (5%) бағдарламасы арқылы және меншік қаражат есебінен жалпы құны 427,4 млн. теңгеге 38 бірлік (26 қожалық) ауыл шаруашылығы техникалары сатылып алынды. Үржар ауданы егістік алқаптары бойынша облыста 2-ші орын алады. 2024 жылы 110 930,8 га алқапқа егістіктен 57 057 тонна дәнді дақылдар (өнімділігі 1 га 16,2 ц) және 67 197 тонна майлы дақылдары (14,9 ц.) жиналғаны да бұл саладағы көрсеткіштің жоғары нәтиже бергенін айғақтайды. Ал биыл егілетін барлық егістік көлемі  112 296 гектарға болжанып отыр. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1 366 гектарға артық. Демек, дәнді дақылдарға, көкөніс өнімдерін алуға сұраныс бар деген сөз. Егістіктен жоғары өнім алу мақсатында ауданның ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері бүгінгі күні 6 854 тонна түрлі минералды тыңайтқыштарды сатып алып егістікте пайдаланып отыр. Аманшылық болса, күзгі жиын-терін кезінде оң нәтиже болады деген сенімдеміз»,- дейді Үржар ауданының әкімі А. Башимбаев.

Аудан әкімінің айтуынша, ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару бойынша жұмыстар жүйелі түрде атқарылып, 2024 жылы 9 345,0 гектар, 2025 жылдың 5 айында 6 996,4 га жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылуға тиіс» - дееп атап көрсеткені белгілі. Сондықтан да бұл мақсаттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив