Облыс әкімі Абайдың 180 жылдық мерейтойына дайындық барысын қадағалады
Облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданының Абайдың 180 жылдық мерейтойына дайындық барысымен танысты.
Қарауылтөбе – мерейтой аясындағы негізгі іс-шаралар өтетін орындардың бірі. Мұнда 400 орындық көрермен алаңы бар үлкен дала сахнасы, ат жарысына арналған шеңбер, киіз үйлер қалашығы, кәсіпкерлерге арналған 2500 шаршы метрлік сауда аймағы, сондай-ақ жарық, су, кәріз желілері мен санитарлық-тұрмыстық нысандар қарастырылған. Қосымша жолдар салынып, жаяу жүргіншілерге арналған өткелдер жөнделуде.
Абай ауданының әкімі Мейіржан Смағұлов, Абайдың 180 жылдық мерейтойын өткізуге орай құрылған штабтың атқарушы хатшысы Жанжігіт Омархан, облыстық басқарма басшылары мен құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері аймақ басшысына мерейтойға дайындық барысы туралы баяндады.
Облыс әкімі Абай саябағында да болды. Мұнда қазіргі уақытта абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Мерейтой аясындағы негізгі іс-шаралардың бірі – «Жеті қазына» республикалық фестивалінің ашылу салтанаты, «Сұлу әйел» және «Ер жігіт» сайыстары осында өтеді.
Осы жерде аймақ басшысына «Абай елі» стелласы таныстырылды. Қарауылтөбеде бой көтеретін еңселі ескерткішке ауданның кәсіпкерлері демеуші болған.
Аймақ басшысы сонымен қатар «Абай-Шәкәрім» мемориалдық кешеніне барды. Қазіргі уақытта мұнда «Қазреставрация» мекемесі кесенелерді ағарту, электр жарығын және сыртқы бағаналарды қалпына келтіру, сырлау-бояу жұмыстарын жүргізуде.
Облыс әкімі мерейтойға аз уақыт қалғанын ескертіп, жұмысты сапалы әрі мерзімінде аяқтауды тапсырды.