Озерки ауылында ағаш өңдеу зауытының құрылысы таныстырылды
Жаңасемей ауданы әкімінің міндетін атқарушы Айбек Төлегенұлы мен аудан әкімінің кеңесшісі Нұржан Оразбекұлы Озерки ауылына іссапармен барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты ұсыныстары мен өтініштері тыңдалып, өзекті мәселелер талқыланды.
Іссапар аясында Нұржан Оразбекұлы Озерки ауылдық округінде салынып жатқан «Ағаш өңдеу зауытының құрылысы» жобасымен танысты. Ол құрылыс алаңын аралап, мердігер ұйым өкілдерімен және жоба жетекшілерімен пікір алмасты. Жоба ауылдың өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды бастама болып саналады.
Аталған зауыт іске қосылғаннан кейін жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындары ашылып, ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптік салалар арасында өзара байланысты нығайту көзделіп отыр. Сонымен қатар, өңірдегі табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, экологиялық тепе-теңдікті сақтау және тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету мәселелері де назардан тыс қалмады.
Сапар қорытындысында Нұржан Оразбекұлы жобаның уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуының маңыздылығын атап өтіп, құрылыс жұмыстарына табыс тіледі.
Озерки ауылындағы бұл бастама – аудан экономикасына серпін беріп, өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.










