Жаңасемей ауданында 19 елді мекен ауыз сумен қамтамасыз етілді
Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында Жаңасемей ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде аудан аумағындағы 32 елді мекеннің 19-ы орталықтандырылған ауыз сумен толық қамтылған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Жаңасемей ауданының әкімі Нұржан Әбдікәрімов кеңінен тарқатты.
Қазіргі уақытта Приречное ауылында су құбыры желілерін қайта жаңғырту, сондай-ақ Талица ауылында су құбырының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Нұржан Әбдікәрімовтың айтуынша, ауданда бұған қоса алты елді мекенде блок-модульдік станциялар орнатылған. Олар – Шоптығақ, Қыземшек, Жазық, Баженово, Климентьевка және Қаракөл ауылдары. Шоптығақ ауылындағы станция толық қуатта жұмыс істеуде. Климентьевка, Қыземшек және Қаракөл ауылдарындағы блок-модульдік станцияларды қайта қалпына келтіру жұмыстары толығымен аяқталды.
Бұл жұмыстар өңір тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету және инфрақұрылымдық дамыту бағытындағы кешенді жоспардың бір бөлігі болып табылады.