Cемей-12°С
Ауа-райы
  • Абай-3°С
  • Аягөз10°С
  • Ақсуат10°С
  • Бородулиха11°С
  • Қалбатау14°С
  • Курчатов9°С
  • Көкпекті10°С
  • Үржар22°С
498.34 519.72 4.85

Абай облысында білім және мәдениет мекемелерінің атауын өзгерту жоспарлануда

22-06-2023, 17:00 Еркежан Қуатқызы

«Республикалық ономастика комиссиясының қарауына Абай облысының кейбір білім беру және мәдениет мекемелеріне атау беру және оларды қайта қарау туралы ұсынысты енгізу мәселесі» Абай облысы мәслихатының кезектен тыс төртінші сессиясында қаралды. 

«Жақында облыстық ономастикалық комиссияның отырысы өтіп, онда кейбір білім және мәдениет мекемелерінің атауын өзгерту туралы ұсынысты республикалық ономастикалық комиссияға енгізу туралы оң шешім қабылданды. Комиссия Семей қаласы, Бесқарағай, Аягөз, Жарма, Абай аудандары бойынша ұсыныстарды қарады. Соңында 10 нысанның атауын өзгерту туралы шешім қабылданды», - деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары Нәзира Ыдырысова.

Осылайша, «18 жалпы орта білім беретін мектеп» атауын алаш қайраткері «Әлімхан Ермеков» атындағы, «Озерки жалпы орта білім беретін мектебін» қазақ кеңес жазушысы Шәкір Әбенов атындағы, «Сергиополь жалпы орта білім беретін мектебін» «Бозай атындағы», «Жалпы орта білім беретін мектеп» (Абай ауданы) атауын қазақ халқының қайраткері «Құнанбай атындағы», «Борас орта мектеп балабақшасы» (Бесқарағай ауданы) атауын алаш қайраткері «Әлихан Бөкейхан атындағы», «Семеновка орта мектебі» (Бесқарағай ауданы) атауын абайтанушы «Қайым Мұхамедханов атындағы», «Глуховка орта мектебі» (Бесқарағай ауданы) атауын көрнекті мемлекет қайраткері «Дінмұхамед Қонаев атындағы», «Бөдене орта мектебі» атауын «Әміре Қашаубаев атындағы мектеп», «Васильковка негізгі мектебі» (Жарма ауданы) атауын ағартушы «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы», «Абай облысы Жарма ауданы әкімдігінің орталықтандырылған кітапхана жүйесі» атауын заманның заңғар жыршысы  «Дулат Бабатайұлы атындағы» атауын беру жоспарлануда.   

«Мемлекеттік мекемені қайта тіркеуге, мөртаңбаларды және белгілерді ауыстыруға жалпы сомасы 1 228,0 мың теңгені құрайтын қаржы қажет», - деп қосты Нәзира Ыдырысова.

Сессия барысында депутаттар өз ойларын ортаға салды. Мәселен, Мерей Қарт Бесқарағай, Бородулиха аудандарындағы кейбір мектептердің атаулары жоқтығын айтып, оларға белгілі тұлғалардың есімімен қатар жер-су атауларын беруді ұсынды.

«Бір тұлғаның есімін барлық жерге қою дұрыс емес деп есептеймін. Облыста бір тұлғаның атындағы мектеп болса, сол жарасымды болады. Ономастикалық тізімде тарихи тұлғалардың тізімі бар. Сол тізім бойынша да қарастыру керек. Біздің облысымызға еңбегі сіңген қаншама тұлғаларымыз бар. Мысалы, музыка мектебіне Тұрсынғазы Рахимов, Теміржан Базарбаев, Бекен Жамақаев, Санақ Әбуовтың атын қоюды да қарастыру керек. Сондай ақ, тек қана тарихи тұлғалардың атын ғана емес, жер-су атауларын қою қажет. Мысалы, Көкпекті ауданында Толағай, Семейдің маңайында Семейтау, Көкентау деген мектептер болғаны дұрыс.  Тарихи тұлғаларымызды қайтадан тұғырына қондырған кезде болашақ ұрпақ қандай мектепте оқып жүргенін, кімнің ұрпағы екенін сезініп жүреді. Біз облыстық ономастика комиссиясына ұсыныстарды жолдадық. Алдағы уақытта қаралады деп ойлаймын»,- деді Абай облыстық мәслихатының депутаты Мерей Қарт.

Сондай-ақ, мәслихаттың кезектен тыс отырысында облыстық бюджетті өзгерту және Абай облысының аумақтық сайлау комиссиясының мүшелерін сайлау туралы мәселелер көтерілді.

Пікірлер (0)

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив