В2В форматында жетекші кәсіпорындардың өкілдерімен кездесулер ұйымдастырылды
«Иннопром-2023» халықаралық өнеркәсіп көрмесінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Ілияс Оспанов РФ Свердлов облысы губернаторының орынбасары Василий Козловпен кездесті
Инвестициялық ынтымақтастыққа арналған екіжақты кездесу «Екатеринбург-Экспо»халықаралық көрме орталығында өтті. Сондай-ақбұл күні қазақстандық тарап В2В форматында жетекші ресейлік кәсіпорындардың өкілдерімен кездесті. Оның барысында тараптар екі елдегі инвестициялық ахуалға қатысты пікір алысып, бірлескен жобаларды іске асыру туралы уағдаласты.
XIII халықаралық өнеркәсіп көрме алаңында ынтымақтастық жөніндегі меморандумдарға қол қойылды. Атап айтқанда, Жамбыл облысы әкімдігі мен «Орал құрылыс одағы» ЖШҚ арасында меморандум жасалды. Құжат Жамбыл облысы Мойымқұн ауданының аумағында мыс өндіру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мақсатында геологиялық барлау жүргізу саласында білікті мамандарды тартуды көздейді. Сол секілді Павлодар облысы әкімдігі мен «Арсенал-НТ» ЖШҚ өкілдері де осындай келісімге қол қойды. Құжат «Энергетика және машина жасау нысандарыүшін жоғары технологиялық металл өңдеу өндірісі»инвестициялық жобасын іске асыруға және машина жасау өндірісін ұйымдастыруға бағытталған.
Бұған қоса «Ақтау теңіз порты» АЭА» АҚ мен «РИТМ» ЖШҚ арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Бұл арқылы «РИТМ» ЖШҚ Ақтау теңіз портының аумағында мұнай өндіруге арналған майлы-салқындатқыш сұйықтық, гидравликалық сұйықтық және реагенттер өндіретін зауыттың құрылысына инвестиция құюға мүдделі. Қаражат мөлшері – 800 млн теңге.
Макинскідегі жылу оқшаулағыш зауыт пен «А3» ЖШҚ экспорттық тасымал жөніндегікелісімшартқа қол жеткізді. Макинск зауыты «А3» ЖШҚ-на MakWool базальт талшығынан жасалған жылу мен дыбысты оқшаулайтын бұйымдарды сатуды көздеп отыр. Тұтастай, бірқатар қазақстандық кәсіпорын бірлескен жобаларды іске асыру туралы ресейлік кәсіпорындармен келісімге келді. Олардың қатарында «Азия сүзгі» ЖШС, «Машзавод» машина жасау компаниялары консорциумы, OLJAKOL ЖШС, «Вега Пром»ЖШС және QazTehna ЖШС бар.
Естеріңізге сала кетейік, ертең «Иннопром-2023» XIII халықаралық өнеркәсіпкөрмесінің соңғы күні. Көрмеге әлемнің 50 еліненкелген делегаттар қатысып жатыр. Қазақстандық экспозиция алаңы 1000 шаршы метрден тұрады. Мұнда 200-ден астам компания химия және фармацевтика, қара және түсті металлургия, машина жасау, құрылыс индустриясы және жеңіл өнеркәсіпке арналған өнімдер мен шешімдерді ұсынып отыр.
Бұл ретте отандық кәсіпорындардың өкілдері көрмеге белсендіқатысқаны үшін дипломдармен марапатталғанын айта кетейік.