Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау жасалды
«Семей қаласының қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы» КММ қайырымдылық қорынан түскен қаражатқа материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
2022 жылдың желтоқсан айының соңында «Ақ Ертіс» қоры Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың бастамасымен Семей қаласында алғашқы қайырымдылық балл өткізді. Мерекелік іс-шарадан облыстағы ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдау орталықтарына көмек ретінде 35 миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Бұл қаражат орталықтардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсалды.
Атап айтқанда, Абай облысы білім басқармасының «Семей қаласындағы қиын өмір жағдайындағы балаларды қолдау орталығы» КММ-не дезинфекциялық камера, тұрмыстық техника, ыдыс-аяқ пен жұмсақ жиһаз сатып алуға 10 миллион теңге бөлінді. 2023 жылғы 20 шілдеде барлық жабдықтар мен жиһаздар толық жеткізілді. Айта кетейік, бүгінде қолдау орталығында 79 бала тәрбиеленуші бар.
Орталықтың 4 бөлмесі ас үй жабдықтарымен толығымен жабдықталды. Бұл жерде балалар тамақ дайындаудың негізгі дағдыларын меңгере алады. Сонымен қатар, орталықта демалуға арналған бөлмеге қажет жиһаздар сатып алынды.