Ұлылар еліне саяхат жасады
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери қызметшілердің отбасы ұлылар еліне саяхатқа шықты. Жидебайды бетке алған жүзге жуық жан алдымен Күшікбай асуына тоқтап, бұлақ көзінен сусындады. Бұл жерде ұйымдастырушы тарап балғындарға Күшікбай батырдың шайқастарда көрсеткен айтулы ерліктерін баян етті. Келесі кезекте әскери қызметшілердің отбасын әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтің атақонысына айналған Бөрілі ауылы күтіп тұрды.Кемеңгер тұлғаға арналған музейде Мұхтар Әуезовтің өмірі мен өскен ортасы жайындағы тың ақпараттар баяндалды. Ұлылар еліне саяхаттың кезекті бағыты Еңлік-Кебек ескерткішіне арналды. Айнымас асыл махаббаттың куәгеріне айналған ескерткіште жергілікті көнекөздер тарихта қалған құнды мағлұматтармен бөлісті. Бұдан кейін әскери полиция қалқалаған автобустар легі Жидебайдағы Абайдың музей-үйіне келіп тоқтады. Музейдегі құнды жәдігерлер арнайы қонақтарды таңқалдырмай қоймады.
Еуразияның кіндігінен орын тепкен хакімнің музейін аралаған қауым әрімен қарай Абай-Шәкәрім кесенесіне табан тіреді. Кесенедегі амфитеатрда балғындар сайысы ұйымдастырылды. Әскери қызметшілердің балалары ойшыл туындаларын жатқа оқып, ән айтты. Жалпы саны 19 бала қатысқан байқау тартысқа толы өтті. Өнер додасына жиналған жұрт ішінен төреші сайланып, жеңімпаздар анықталды. Шара соңында қатысушыларға мадақтама қағазымен қатар бағалы сыйлықтар табысталды.
Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі