Семейде әлеуметтік сақтандыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді
2023 жылғы 09 ақпанда «М. О. Әуезов атындағы педагогикалық колледж» коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнында Семей қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және АХАТ бөлімі Абай облысының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасымен және «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Абай облысы бойынша филиалымен бірлесіп жұмыспен қамту және әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша ақпараттық - түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, жүргізді.
Аталған іс-шара барысында кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын түсіндірді (жастар практикасы, әлеуметтік жұмыс орындары, қоғамдық жұмыстар, қысқа мерзімді оқыту, «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» жобалары, мемлекеттік гранттар және микрокредит беру).
Қатысушылар «Электрондық еңбек биржасы» порталының барлық мүмкіндіктерімен танысып, міндетті әлеуметтік сақтандырудың негізгі ұғымдары, «МӘСҚ» АҚ-ға әлеуметтік аударымдарды төлеу, «МӘСҚ» АҚ-дан әлеуметтік тәуекелдердің бес түрі бойынша әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру, жұмысынан айрылу бойынша әлеуметтік жәрдемақыны тағайындау және төлеу механизмдерін жүзеге асыру туралы ақпарат алды.
Кездесуге Семей қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мен халықты жұмыспен қамту орталығының өкілдері қатысты. Сөз соңында азаматтарды қызықтырған сұрақтарына жауаптар берілді.