Қала әкімі «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты ұйымдастырған ағаш отырғызу шарасына қатысты
Семей филиалына қарасты Пригород орманшылығының 4 га алқабына ашық тамыр жүйелі қарағай көшеттері егілді. Акцияға Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов, Шәкәрім университетінің ректоры Думан Орынбеков, ТЖД бастығы Манарбек Шапағатов, сондай-ақ, облыстық сот, прокуратура және қалалық әкімшілік қызметкерлері, Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары, орман саласының ардагерлері, еріктілер мен студенттер - барлығы 320 адам қатысты.
Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалғаннан кейін биылғы алапат өртте қаза болған орманшылардың есімдері аталып, бейбіт күннің батырларын бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан соң резерват басшылығы ардагерлер мен биылғы орман өрті кезінде демеушілік жасап, қолдау көрсеткен еріктілерге Алғыс хат пен сыйлықтар табыс етті.
«Маусым айындағы алапат өрттің салдарынан Семей орманына өлшеусіз шығын орын алды. «Семей орманы» резерватындағы өртті сөндіру кезінде қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан 15 орманшыны орны толмас қазасы қабырғамызды қайыстырды. Олардың ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Бүгін отырғызылған ағаштар ну орманға айналсын»,- деді өз сөзінде Нұрбол Нұрсағатов.