Сенаторлар көру қабілеті бұзылған азаматтарға ақпараттардың қолжетімділігін жеңілдету туралы заңды мақұлдады
Парламент Сенатының Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты судьясының өкілеттігін тоқтату және лауазымынан босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ депутаттар көру қабілеті бұзылған адамдарға жарияланған туындылардың қолжетімділігін жеңілдетуге арналған құжатты ратификациялады.
Басқа жұмысқа ауысуына байланысты Ерлан Сәрсембаев Сенат шешімімен Конституциялық Сот судьясы лауазымынан босатылды. Регламентке сәйкес бұл мәселені Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің депутаттары алдын ала талқылады.
Сондай-ақ отырыс барысында Палата депутаттары «Зағиптардың және көру қабілеті бұзылған немесе баспа ақпаратын қабылдау қабілеті өзгедей шектелген адамдардың жария етілген туындыларға қол жеткізуін жеңілдету туралы Марракеш шартын ратификациялау туралы» заңды қарап, мақұлдады.
Депутаттар атап өткендей, Қазақстанның Марракеш шартына қосылуы көру қабілеті нашар адамдарға арналған кітаптарға, журналдарға, оқу материалдарына қолжетімділікті кеңейтуге, сондай-ақ, қоғамның мәдени және әлеуметтік өміріне қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Одан бөлек, осындай адамдар үшін қолжетімді форматтарда жасалған туындылардың даналарымен халықаралық алмасуды жүзеге асыруға жол ашады.
«Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың кұқықтарын қорғау және оларға тең мүмкіндіктер қалыптастыру – әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Осы ретте, қаралған шарттың ережелері көру қабілеті бұзылған адамдардың әдеби және көркем туындыларға қолжетімділігін арттыруды көздейді. Атап айтқанда, келісім аясында тараптар арасында қолжетімді форматтағы даналармен алмасу және оларды импорттау тетіктері қарастырылды. Мақұлданған заң елімізде инклюзивті орта қалыптастыруға оң үлесін қосады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата отырысында сенатор Сұлтан Дүйсембинов Үкіметке депутаттық сауал жолдады. Ол Қонаев қаласының инфрақұрылымдық дамуын қамтамасыз етуге қажетті мақсатты қаржыландырудың жоқтығына назар аударды. Осыған байланысты депутат 2023-2025 жылдарға арналған бюджетті нақтылау кезінде республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер қарастыруды ұсынды.