Үржар ауданында 10-нан астам ауылға жол белгілері орнатылмақ

Былтыр аудан бойынша автомобиль жолдарын жөндеу және көлік инфрақұрылымын жақсартуға ерекше көңіл бөлінді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Үржар ауданының әкімі Ақылбек Башимбаев баяндады.
Сондай-ақ, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Ақжар, Жаңа Тілек, Жанай және Қарақол ауылдарындағы ұзындығы 14 шақырымды құрайтын 18 көшеге орташа жөндеу жұмыстары басталады. Конкурс нәтижелері бойынша бірқатар жобаларға мердігерлер анықталды. Бұдан бөлек, ағымдағы жөндеу жұмыстары ауданның бес елді мекенінде (Үржар, Қазымбет, Ер Қабанбай, Қарамойыл, Көкөзек) және Сағат ауылына баратын жолда жүргізілмек.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Үржар, Ақжар, Науалы және тағы басқа 10-нан астам ауылға жол белгілерін орнату жұмыстары қолға алынуда. Бүгінде мердігерлер бекітіліп, қажетті материалдарды дайындау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Үржар ауылындағы Абай мен Абылайхан көшелерінің қиылысына бағдаршам орнату жұмыстарына конкурс жарияланып, мердігер анықталуда.