Облыс әкімі азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады
Абай облысы әкімі Берік Уәли азаматтарды қабылдау орталығында тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Қабылдауға тиісті басқарма басшылары, Семей қалалық әкімдігінің өкілдері қатысты.
Жеке қабылдау барысында тұрғындар тұрғын үй, ауыз сумен қамту, аулаларды абаттандыру, жолдарды жөндеу, жарық тарту, білім саласына қатысты мәселелерді көтерді.
Семей қаласы Шығыс кентінің тұрғыны Дастан Жуанышев 6-ыншы саяжайға ауыз су тартуға, №1 ықшам аудан тұрғыны Асқар Жемтіков көп қабатты тұрғын үйдің ауласына асфальт төсеуге көмек көрсетуді сұрады. Облыс әкімі 6-ыншы саяжайға су тарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын, №1 ықшам аудандағы тұрғын үйдің ауласына биыл асфальт төсеу жоспарда бар екенін жеткізді.
Аймақ басшысы тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдап, түйткілді мәселелерді шешу жолдарын заңдық тұрғыда түсіндіріп, тиісті басқарма басшыларына нақты тапсырмалар берді. Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтар мен көтерген мәселелерді жеке бақылауында ұстайтынын айтты.