Водный және Восход кенттерінің өзекті мәселелері кезең-кезеңімен шешімін табады
Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласының Водный және Восход кенттерінде жүргізіліп жатқан сумен қамту, жол жөндеу жұмыстарының барысын көрді. Аймақ басшысы нысандарды аралау барысында жергілікті тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдады. Тұрғындар ауыз су, жарық, электрмен жабдықтау, көшелерге асфальт төсеу, пошта, дәріхана, балабақша ашу мәселелерін көтерді.
Облыс әкіміне Водный және Восход кенттеріне су құбыры желісін тарту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды. Қазіргі уақытта аталған елді мекендерге 70 шақырымнан астам су құбыры тартылған. Сонымен қатар, екі кенттегі 1598 тұрғын үйге, «Келешек мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектепке, СВА-17 мекемесіне және №34 мектепке су құбыры жүргізілген.
Восход кентінде 70 бағана мен шам орнату жұмысы аяқталған. Водный кентіне жыл соңына дейін 75 тірек шам орнату жоспарлануда.
Биыл Водный және Восход кенттеріндегі №52 және №34 мектептердің маңына жаяу жүргіншілер жолы салынды. Сонымен қатар Водный кентіндегі төрт көшенің электр желілері жаңғыртылды. Восточный кентінде 500-ден астам баған ауыстырылып, екі трансформатор қойылып, біреуі жаңартылды. Сондай-ақ 18 шақырым кабель тартылды.
Аймақ басшысы Геодезическая көшесінде жүргізілген орташа жөндеу жұмыстарымен де танысты. Биыл қалалық бюджет есебінен Засядко, Семипалатинская, Предгорная, Декоративная, Посмакова, Қосанов, Дулатов және Олимпийская көшелерінің жолдарына асфальт төселді.
Ағымдағы жылы Водный және Восход кенттерінде жол инфрақұрылымын жақсарту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Ұзындығы 3 шақырымнан асатын жол орташа жөндеуден өтті. Сонымен қатар, аталған кенттердегі 30 көшенің жолына қиыршық тас пен құм-қиыршық тас қоспасын себу және профильдеу жұмыстары жасалды.
Нысандарды аралап, тұрғындардың өтініш-тілектерін тыңдаған облыс әкімі қаланың шеткері аудандарының проблемаларын жақсы білетінін, өзекті мәселелерді шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.










