Абай ауданының Кеңгірбай би ауылында су құбыры жүйесі қайта жаңғыртылып жатыр
Облыс әкімі Берік Уәли Абай ауданының Кеңгірбай би ауылында жүргізіліп жатқан ауыз су құбыры жүйесін қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты.
Кеңгірбай би ауылдық округінде мыңға жуық тұрғын тұрады. Елдімекендегі құбыр желісінің жалпы ұзындығы – 9,4 шақырым. Оның ішінде диаметрі 110 мм болатын су құбыры – 7,6 шақырым. Қазіргі уақытта 4,9 шақырымы тартылған. Сондай-ақ, ұзындығы 1,8 шақырым болатын, диаметрі 25 мм су құбыры тұрғын үйлерге тартылуда. Бұдан бөлек резервуар алаңы бетондалып, 10 құдық орнатылған. Таза ауыз су көзін қамтамасыз ету мақсатында тереңдігі 45 метр болатын екі ұңғыма бұрғыланып, су құрамының зертханалық сараптамасы алынған.
Жоба іске асырылғаннан кейін ауылдағы 148 тұрғын үй мен 4 әкімшілік ғимарат орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады. Қазіргі таңда жалпы құрылыс жұмыстарының шамамен 30 пайызы орындалған.
Аймақ басшысы нысанды аралау барысында ауыз сумен қамту ауыл тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе екенін атап өтіп, мердігерлерге жобаны сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.









