Жарқын ауылында жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде
Жарқын ауылының тұрғындары үшін жол жөндеу ең өзекті мәселелердің бірі болып келген. Қазіргі таңда Жарқын ауылында жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылға Жарқын ауылына 8,3 км кірме жолға орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Жол жөндеу жұмыстарының жалпы ауданы 49900 м2 құрайды, асфальттың қалыңдығы 6 см, сондай-ақ жол белгілерін орнату көзделген. Бұл жоба ведомстволық сараптамадан өтті.
Қала әкімі Нұрбол Нұрсағатов Жарқын ауылындағы жол жөндеу жұмыстарының барысын тексеру үшін мердігер ұйымның өкілдерімен кездесуге барды.
— Мен әкім болып тағайындалған күннен бастап жарқындықтар жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрап келеді. Күз мезгілінде жөндеу жұмыстарын жүргізу мүмкін болмағандықтан, жұмыстарды көктем мезгіліне қалдырдық. Осы айдың соңына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтаймыз деген ойдамын,- деп атап өтті Семей қаласының әкімі Нұрбол Нұрсағатов.
Мердігер ұйым «Семей Жолдары» ЖШС. Жұмыстар бекітілген кестеге сай жүргізілуде.
- Жарқын ауылының тұрғындарының көпшілігі қалада жұмыс істейді. Жол азабын қаншама жылдан бері көріп келе жатырмыз. Міне, асфальт төсемдерін жүргізу басталды. Облыс әкімі мен қала әкіміне Жарқын ауылының тұрғындары атынан ризашылығымды білдіремін- деді ауыл тұрғындары.